Қазіргі медицинада адамды түрлі жұқпалы аурулардан қорғаудың ең тиімді жолы – вакцинация. Бұл – ағзаға арнайы вакцина енгізу арқылы иммунитет қалыптастырудың ғылыми дәлелденген әдісі.
Адам ағзасында табиғи қорғаныс – иммундық жүйе жұмыс істейді. Ол күнделікті қоршаған ортада кездесетін ішек таяқшасы, стрептококк секілді микроағзалармен күресе алады. Алайда дифтерия, гепатит А мен В, сіреспе, көкжөтел, қызылша, жатыр мойны обыры сияқты күрделі аурулармен күресте бұл жүйе жалғыз өзі дәрменсіз. Осы ретте, бала кезден алынған екпелер өмір бойына дейін жететін күшті иммунитеттің іргетасын қалайды.
Неліктен және қашан екпе салдыру керек?
Вакцина – жас талғамайтын қорған. Ол нәрестеден бастап егде адамға дейін қажет. Өз денсаулығыңыз бен балаңыздың қауіпсіздігі үшін қашан және қандай екпе алу қажеттігін емдеуші дәрігерден анықтаған жөн.
Кейінге қалдырылған вакцинация – денсаулыққа төнген қатер. Әр адамның таңдау еркі бар десек те, ата-аналар екпеден бас тарту арқылы баласының ғана емес, айналасындағы басқа балалардың да қауіпсіздігіне селқос қарап отырғанын түсінгені жөн.
Құрметті ата-аналар! Екпеден бас тарту – тек өз балаңыздың емес, бүкіл қоғамның денсаулығына қауіп төндіру. Аурудың алдын алу – сіздің жауапкершілігіңіз.
Вакцина қауіпсіз бе?
Иә, қазіргі вакциналар – қауіпсіз әрі тиімді. Әдетте екпеден кейін жеңіл жағымсыз әсерлер байқалады: екпе салынған жердің ауырсынуы, қызаруы, дене қызуының аздап көтерілуі. Ауыр реакциялар – өте сирек кездесетін жағдай. Барлық вакциналар бірнеше сатылы клиникалық зерттеулерден өтіп, қатаң бақылаудан кейін ғана қолданысқа енеді.
Сұрақтарыңыз бар ма? Дәрігеріңізге жүгініңіз!
Егер вакцинация туралы көкейде сауал көп болса – дәрігермен кеңесіңіз. Ол сізге нақты, ғылыми негізделген ақпарат береді. Қазақстанда 21 жұқпалы ауруға қарсы екпелерді қамтитын ұлттық күнтізбе бар.
Мәселен, елімізде жыл сайын 5 миллионға жуық адам вакцина алады, оның ішінде 1,3 миллионы – балалар. Жамбыл облысында бұл жұмыс 281 екпе кабинетінде және 343 білім беру мекемесінің медпунктінде жүргізіледі. Олар 685 термоконтейнермен, 711 тоңазытқышпен, 700-ден астам шокқа қарсы дәрі-дәрмектер мен медициналық жабдықтармен толық жабдықталған.
Облыста 2 мыңнан астам арнайы дайындықтан өткен медицина қызметкері екпе жұмыстарын жүргізеді. Алыс елді мекендерде вакцинацияны қамтамасыз ету үшін 75 жылжымалы бригада мен барлық 10 ауданға мобильді кешендер тартылған.
Мемлекет профилактикалық екпелердің қолжетімділігін және олардың денсаулық сақтау мекемелерінде тегін жүргізілуін кепілдейді. Әрбір азамат вакцина, оның маңызы мен ықтимал реакциялар туралы толық мәлімет алуға және алдын ала медициналық тексеруден өтуге құқылы.
Өз денсаулығыңызды сақтаңыз.
Жақындарыңызды қорғаңыз.
Вакцина алыңыз!
Деніңіз сау болсын!