2025 жылғы 14 сәуірде Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен және тікелей ұйымдастыруымен Жамбыл облысының медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін барлық медициналық ұйымдарының қызметкерлеріне арналған мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласы бойынша оқыту семинары өткізілді.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – медициналық ұйымдарда мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, қызмет көрсету барысында жиі туындайтын сұрақтар бойынша әдістемелік көмек көрсету және сала мамандарының кәсіби құзыреттілігін арттыру болды.
Семинарға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының басшысы Жанәділ Аманәліұлы Құрбанов, Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Жарқын Әлібайұлы Айтжан, сондай-ақ Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының Жамбыл облыстық филиалының Ақпараттық жүйелерді әкімшілендіру бөлімінің басшысы Қанат Темірханұлы Нұрқадыров пен бас маман Замира Абдумаликқызы Жапарова қатысып, өз саласы бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара барысында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, мемлекеттік қызмет көрсету тәртібіндегі өзекті мәселелер мен шешу жолдары талқыланды. Бұл семинар медициналық ұйымдардың қызметкерлері үшін тәжірибе алмасу алаңы ретінде пайдалы әрі мазмұнды өтті.