Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаевтың Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары аясында өңірдегі бірқатар маңызды медициналық мекемелер араланып, олардың қазіргі жағдайымен танысу және медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру жолдары талқыланды.
Сапардың соңғы нүктесі Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасы болды. Мұнда вице-министрге мекеменің қызметі таныстырылып, балалар денсаулығын сақтау саласындағы өзекті мәселелер қозғалды. Әсіресе, жас пациенттермен тиімді байланыс орнату, дәрігерлердің біліктілігін арттыру және аурухана инфрақұрылымын жетілдіру жайы кеңінен сөз болды.
Аурухананың бас дәрігері Ержан Абдыхалықов облыстық ауруханаларды жаңғыртуға арналған мастер-жоспардың орындалу барысы туралы баяндады.
Қазіргі таңда ауруханада 592 төсек-орын бар, оның 552-сі тәулік бойы қызмет көрсететін бөлімдерге тиесілі. Өткен жылы мұнда 20 мыңнан астам бала емделіп, 5 мыңнан аса операция жасалған. Оның ішінде 765-і эндоскопиялық оталар. Аурухана құрамында хирургия, травматология, нейрохирургия, соматика сияқты салалар бойынша мамандандырылған бөлімдер жұмыс істейді. Сонымен қатар, педиатрия, кардиология, нефрология және эндокринология бағыттарында да жоғары білікті медициналық қызмет көрсетіледі.
Аурухананың маңызды жетістіктерінің бірі – жетекші мамандар Буркутбаев Ф.Б., Жайылғанов А.А. және Личачевский Ю.В. қатысуымен өткен шеберлік сабақтары болды. Бұл шаралар медициналық қызмет түрлерін кеңейтіп, дәрігерлердің кәсіби деңгейін жаңа сатыға көтеруге мүмкіндік берді.
Бұған қоса, аурухана базасында жаңа симуляциялық орталық ашылып, дәрігерлердің практикалық дағдыларын жетілдіруге жол ашылды. 2024 жылы мекеме 600 миллион теңгеден астам сомаға жаңа медициналық жабдықтармен толықтырылып, техникалық жарақтандыру деңгейі едәуір артты.
Қазіргі таңда гастроэнтерология, нефрология, кардиология және басқа да маңызды салалар бойынша жаңа бөлімшелерді ашу жоспарланып отыр. Бұл бастамалар өңірде балаларға көрсетілетін мамандандырылған көмекке деген сұраныстың артуына байланысты қолға алынған.
Сонымен қатар, телемедицинаны дамыту бағытында нақты қадамдар жасалып, 2025 жылы қашықтан диагностика мен консультация жүргізуге арналған заманауи құрал-жабдықтарды сатып алу көзделуде.
Сапар соңында Ержан Нұрлыбаев облыстық көпбейінді балалар ауруханасының қол жеткізген нәтижелерін жоғары бағалап, өңірде балалар денсаулығын сақтау ісін дамыту мен медициналық инфрақұрылымды жетілдірудің маңыздылығын атап өтті.