Әлемде микробтарға қарсы препараттарды, яғни антибиотиктер мен антимикробтық дәрілерді дұрыс қолданбау мәселесі күннен күнге күрделеніп келеді. Осыған орай, әр жылдың қараша айының үшінші аптасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) «Дұрыс микробқа қарсы препараттарды пайдалану аптасы» аясында әлем жұртшылығын Антимикробтық резистенттілік (АМР) мәселесіне назар аударуға шақырады.
Бұл аптаның басты мақсаты – халықты микробтарға қарсы препараттарды үнемі, артық қолданудан сақтандыру, сондай-ақ бұл мәселенің келешекте біздің өмірімізге қалай әсер етуі мүмкін екендігін түсіндіру.
Антимикробтық резистенттілікті болдырмаудың ең тиімді жолы – препараттарды дұрыс қолдану және халықтың білімін арттыру:
Антибиотиктерді тек дәрігердің кеңесімен қабылдаңыз: Егер дәрігер антибиотик жазып бермесе, оны өзіңіз ішудің қажеті жоқ. Әрбір дәрі белгілі бір микроорганизмдерге қарсы әсер етеді, бірақ оны негізсіз қолдану оның тиімділігін төмендетеді.
Дәрігердің ұсынысын орындаңыз: Антибиотикті дәрігер ұсынған мөлшерде және барлық курс бойы қабылдау маңызды. Қабылдауды ерте тоқтату немесе дозасын азайту микроорганизмдердің толық жойылмауына әкеліп соғуы мүмкін.
Өз-өзіңізді емдемеңіз: Халық арасында антибиотиктерді өз бетімен сатып алып, тексерусіз қолдану әлі де кең таралған. Мұндай әрекет микробтардың резистенттілігін арттырып, денсаулыққа үлкен зиян келтіреді.
Гигиена ережелерін сақтаңыз: Жеке бас гигиенасын сақтау, жиі қол жуу, азық-түлікті дұрыс өңдеу және вакцинациялану да инфекциялардың алдын алуға көмектеседі.
Жұқпалы аурулардан қорғаныңыз: Вакцинация – инфекциялық ауруларға қарсы ең тиімді шаралардың бірі. Вакцинациядан бас тартпай, ұжымдық иммунитетті арттыруға үлес қосу керек.
Антимикробтық резистенттілікпен күресу – тек дәрігерлер мен мамандардың міндеті емес. Бұл әр адамның, қоғамның жалпы жауапкершілігі. Әрқайсымыз дұрыс ақпарат алып, дәрі-дәрмектерді жауапкершілікпен қолдану арқылы, болашақта антибиотиктердің тиімділігін сақтап қалуға үлес қоса аламыз.