Талас ауданында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін түсіндіру жөнінде халықпен кездесу өтті

Талас ауданында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін түсіндіру жөнінде халықпен кездесу өтті
 
Бүгін, облыс Әкімі Е.Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова, облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Марат Жұманқұлов және Қан орталығының директоры Гулам Умаров, 5-қалалық емханасының бас дәрігері Динара Сәрсенова мен “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы басшысының орынбасары Ғаини Аймағанбетова Талас ауданында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі бойынша ақпараттандыру жұмыстарын жүзеге асыру мақсатында Талас ауданына барып, ондағы барлық мекемелер қызметкерлерімен (есепшілер, статисттер т.б.), әлеуметтік бөлім басшыларымен және басқа да халықты сақтандыруға жауапты мамандармен әңгімелесіп, сақтандырылмаған азаматтармен жүргізілген жұмыстар туралы сұрады.
Аудан қызметкерлеріне МӘМС жүйесіне енген өзгерістер мен жарнаға қатысты ақпараттық материалдарды қарапайым тілмен жеткізіп, кепілдендірілген медициналық көмек жөнінде толық ақпарат беріп, бұл бағыттағы олардың түсінбеген сұрақтарына жауап берді.
Сонымен қатар, МӘМС жүйесінде жұмысқа орналастырылған, бірақ сақтандырылмаған азаматтарды тіркеу жолдарын, ай сайын цифрлық отбасылық карта мәліметтеріне мониторинг жүргізуді және заңнамаға сәйкес шаралар қабылдаудың тәсілдерін айтып, халықты тіркеу бойынша алдағы уақытта атқарылар міндеттерді белгілеп, сақтандырылмағандарды тарту жөнінде ұсыныстар айтты.
Аудан бойынша сақтандырылмаған адамдар мен сақтандырылғандар туралы айта отырып, жеңілдікке кіретіндер, яғни жарна төлемейтіндер жөнінде арнайы ережені түсіндірді.
Аудан әкімінің орынбасары Айтолқын Абдибековаға бұл мәселені жетілдіру бойынша кедергі болып отырған мәліметтерді жеткізген басқарма басшысы бұл бағытта туындап отырған қиындықтарды бірлесе шешуді, бұл бойынша мәселелерді зерделеп, бірігіп, нәтиже шығаруды ұсынды.
Тегін медициналық кепілдендірілген көмек туралы айтқан облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Марат Жұманқұлов міндетті әлеуметтік көмекке жататын қызмет түрлерін және пациенттерді оңалту қызметтері мен мигранттар мен оралмандардың сақтандырылуы туралы түсіндірді.
МӘМС жүйесіндегі өзгерістер мен жарнаға қатысты сұрақтарға жауап берген аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Есмахан Иманмырзаевтың баяндамасында айтылғандай, халықты тіркеу регистрі бойынша қазіргі таңда ауданда 40886 адам бар, олардың - 13655-сі балалар болса, 2297-сі - жасөспірімдер, оның ішінде фертильді жастағы айелдер - 7959, сақтандыру мәртебесі жоқ азаматтар - 6265, оның ішінде 1756 адам жұмыс істейді, жұмыс істейтіндердің ішіндегі - 980 адам Талас ауданында тіркелмеген.
Басқарма басшысы ауданның бас дәрігері Е. Иманмырзаевқа аудандық, ауылдық әкімдермен бірге сақтандырылмағандарды тарту жөнінде бірқатар ұсыныстар айтып, бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіру жөнінде тиісті нұсқаулықтар айтып, міндеттер мен тапсырмалар легін белгіледі.