Жамбыл облысындағы “Үздік тәжірибелер орталығының" жұмысымен танысу және тәжірибе алмасуға Қырғызстан мемлекетінен келген делегаттар алғашқы күнінде Меркі аудандық орталық ауруханасында "Үздік тәжірибелер орталығының" жұмысымен танысты.
Кеңеске Қырғызстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі, Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы мен Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі GIZ неміс қоғамы және Қазақстан Республикасы «Алғашқы медициналық-санитарлық көмек» ұлттық қауымдастығы қолқа болды.
Тәжірибе алмасуға Рахыпбеков Төлебай Қосиябекұлы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, «Алғашқы медициналық-санитарлық көмек» ұлттық қауымдастығының президенті, Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысы Оспанова Жанар Мықтыбекқызы, «Меркі ауданының орталық аудандық ауруханасының» бас дәрігерінің м.а. Дарменов Мейрамбек, медицина ғылымдарының докторы, «Алғашқы медициналық-санитарлық көмек» ұлттық қауымдастығының басқарма төрайымы Абзалова Роза Абзалқызы және Шолпан Асамбаева, Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі GIZ неміс қоғамдастығының төрайымы,
Қырғызстан мемлекеті Шу, Ош қалалары ауруханаларының бас дәрігерлері, Шымкент қаласының төрт ауданының дәрігерлері қатысты.
“Жамбыл облысындағы алғашқы медико-санитарлық көмек көрсету: инновациялар мен медико-әлеуметтік тәсілдер” тақырыбындағы оқыту туры екі күнге бөлініп, аймақта алғаш рет “Үздік тәжірибелер” орталығы болып аталған Меркі аудандық орталық ауруханасына тәжірибе алмасуға келген көрші мемлекет қонақтары Ақтоған ауылдық округінде болып, «Салауатты ауыл» жобасына енген ауыл тұрғындарымен кездесті. Ауыл тұрғындары қонақжайлық танытып, қазақи дәстүрді көрсетіп, ақ шалқан киіз үйде ұлттық тағамдардан дәм татқызып, ауыл мақтаныштары, Көкпаршылар мен спортшылар шеруін көрсетті.
Жиын мәдениет үйінде «Салауатты ауыл» жобасына енген ауыл әкімдігі мен Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасы арасындағы меморандумға қол қойылды. Меморандумға ауыл қариялары, ақжаулық әжелер де қол қойып, салауатты ауыл құруға атсалысатындықтарын білдірді. Айта кетсек, бұл - Меркі ауданындағы жобаға еніп отырған үшінші ауыл.
Бұған дейін Аспара және Ақермен ауылдық округтері жобаға енген болатын.
Салтанатты сәттен соң ауыл өнерпаздары өнерлерін ортаға салып, көпшілік қауыммен «Қара жорға» биін билеп, домбырашылар күмбірлете күй тартып, жиылған қауымға мерекелік көңіл күй сыйлады.