
Желшешек (лат. varicella, гр. ανεμοβλογιά) - инфекциялық ауру, вирустан тарайды.
Бұл ауру жас талғамайды. Дегенмен, ересектерге қарағанда, балалар онымен жиі ауырады. Әсіресе, 1 жас пен 10 жас аралығындағы бүлдіршіндерде көп кездеседі.
Әрбір науқаста ауру белгілері әртүрлі болады. Мысалы, кейбір адамдарда дене температурасы 38-39 градусқа дейін көтерілсе, кейбірінде керісінше мүлдем қызу көтерілмейді. Сонымен қатар науқастың біріне жаралар қаптап шыққан болса, басқаларға ол аз ғана шығуы мүмкін.
Денесіне бөртпе шыққан науқастардың жазылуы – 11 күннен 21 күнге, яғни орташа 14-15 күнге дейін созылады. Бірақ бастапқы 9 күн басқалар үшін жұқпалы болады.
Соңғы деректерге сүйенсек, 2022 жылдың 8 айы бойынша, Жамбыл облысында желшешек ауруының 1188 жағдайы тіркелген. Оның 1085 жағдайы - 14жасқа дейінгі балалар (91,3%), 25 жағдайы - 15-17жастағы жасөспірімдер (2,1%). 2021жылдың 8 айымен салыстырғанда, ауырғандар саны 3,92 есеге жоғары.
Науқас балаға ең қажетті нәрсе — таза ауа мен жарық. Мұндай балаларды шаңсыз, жел тимейтін, тыныш жерде, дені сау балалардан бөлек серуендету қажет. Баланың температурасы төмендеп, бөрткеннің қайталап шығуы тоқтағаннан кейін, яғни бұрынғы бөрткендері қара қотырланған соң серуенге шығаруға болады. Серуендету режимін дәрігермен келіскен жөн.
Балаңыздың денесіне бөртпелер шыққан болса, міндетті түрде жағдайын күтіңіз. Себебі, егер ауруы асқынып кететін болса, денеге шыққан бөртпелер іріндеп, салдарынан баланың денсаулығына зақым келеді. Сүйекті жарып шығатын бөртпелерге бей-жай қарауға болмайды. Сол үшін жараның бетін қасып қоймауын байқап, қолына дәкеден қолғап кигізген жөн. Баланың жататын бөлмесін таза ұстап (дезинфекция жасауға болмайды), төсегін қайта-қайта ауыстырып, көпшілікке қоспай, қай уақытта далаға шығуға болатыны жөнінде дәрігерден кеңес алып, балаға ащы, қышқыл тағамдарды бермеу керек. Егер тәбеті болмайтын болса, күштемей, қайнаған су ішкізу керек.
“Ауру айтып келмейді” демекші, кішкентай бүлдіршіндердің ауырғаны қай кезде болмасын, ата-анаға ауыр тиері сөссіз. Бірақ дерттің алдын-алып, балаға жақсы күтім жасау арқылы ауруды жеңуге болады. Сондықтан да балаңыздың дені сау, ауырмағанын қаласаңыз, әрқашан да денсаулығына аса мән беріңіз. Ауру белгілері байқалса, уақыт жоғалтпай, дәрігерге тексертіңіз. Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы екенін естен шығармаңыз.
Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау
басқармасының баспасөз қызметі