Эндобейнехирургия – заманауи хирургия бағыттарының бірі. Дәстүрлі техникамен салыстырғанда оның артықшылықтары көп. Мұндай отадан кейін науқас жылдам жазылады, тіпті ол келесі күні орнынан тұра алада. 2-3 тәулік өткен соң науқасты ауруханадан шығаруға болады. Ауру жұқтыру және асқыну қаупі аз. Соның арқасында бұл әдіс кеңінен белең алып келеді.
Видеолапароскопиялық араласуды жүргізу - адамның өмірі мен денсаулығы үшін жүргізілетін күрестің нәтижесі ғана емес, ол - әрбір маманның, оның ішінде мейірбике ісі мамандарының, жалпы барлық персоналдың командалық жұмысы.
COVID-19 пандемиясымен байланысты ауыр кезеңге қарамастан, өткен жылдың тамыз айында Тараз қаласында заманауи визуализация құралдарын пайдалана отырып, мультидисциплинарлық эндохирургиялық тәсіл бойынша халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, оның барысында ота жасайтын мамандар мен операциялық мейірбикелерді теориялық және практикалық даярлау жүргізілген болатын.
2022 жылғы 18-21 сәуір аралығында Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының шақыртуымен бейнеэндохирургия саласындағы жетекші мамандармен практикалық кәсіби ынтымақтастық аясында жұмыстар жүргізілмекші.
Облыс медицина қызметкерлерінің практикалық және теориялық бөлімдерде кәсіби даярлық деңгейін одан әрі арттыру, патологияның жекелеген түрлері кезінде қауіпсіз эндолапароскопиялық хирургиялық қызмет көрсету үшін аймаққа келесі мамандар шақырылды. Олар:
- Котлобовский Владимир Игоревич, медицина ғылымдарының докторы, Астана медицина университетінің профессоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстандық эндоскопиялық хирургтар Қауымдастығының Президенті, АМО эндохирургиялық қызметінің жетекшісі, IPEG мүшесі;
- Тоқпанов Серік Имақұлы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстандық хирургтар Қауымдастығының, Қазақстандық эндоскопиялық хирургтар Қауымдастығының құрметті мүшесі. "Sages" Американдық гастроэнтерологиялық хирургтар Қауымдастығының мүшесі, «Alanda Clinic» медициналық орталығы директорының клиника жөніндегі орынбасары;
- Щербаков Петр Леонидович, медицина ғылымдарының докторы, профессор, МЕДСИ Медакадемиясының гастроэнтерология және эндоскопия кафедрасының меңгерушісі, РФ Үкіметі сыйлығының ғылым және техника саласындағы лауреаты (Мәскеу қ.);
- Галлямов Эдуард Абдулхаевич, медицина ғылымдарының докторы, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген дәрігері, И.М. Сеченов атындағы Бірінші Мәскеу мемлекеттік медицина университетінің ФМАЖБМ емдеу факультетінің жалпы хирургия кафедрасының меңгерушісі, РФ Үкіметі сыйлығының ғылым және техника саласындағы лауреаты, эндохирургтер қоғамы мен Ресей хирургтар қоғамы басқармасының мүшесі, Еуропалық эндоскопиялық хирургия Қауымдастығының мүшесі, эндохирургия және хирургия журналдарының редакциялық кеңесінің мүшесі (Мәскеу қ.).
Сондай-ақ, Жамбыл облысында алғаш рет Меркі аудандық орталық ауруханасының базасында бейнеэндохирургиялық араласуды енгізу бойынша мамандардың біліктіліктерін арттыруға арналған оқулар өтпекші.
Практикалық сапар кезеңінде жаттығу курсын ұйымдастырумен, сондай-ақ қауіпсіз эндоскопиялық хирургияны, диагностикалық капсулалық эндоскопияны қамтамасыз етумен аудандық деңгейді қоса алғанда, операция жасайтын хирургтарды да оқыту жоспарлануда.
Эндобейнехирургияны қолдана отырып, неғұрлым күрделі урологиялық, онкологиялық аурулар кезінде шеберлік сыныптары өткізіледі.
Жұмыстың командалық қағидасының маңыздылығын ескере отырып, операциялық мейірбикелерге арналған эндоскопиялық хирургия курсын, эндохирургиялық жабдықты пайдалану ережелерін және т. б. өткізу де жоспарлануда.
Осылайша, алынған заманауи теориялық және практикалық білім Жамбыл облысында эндобейнехирургияның одан әрі дамуына қызмет етеді, бұл халықты медициналық көмектің қауіпсіз түрлерімен қамтамасыз етуге, өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Жамбыл облыстық денсаулық сақтау
басқармасының баспасөз қызметі