Жатыр мойны обырын ерте диагностикалау - табысты емдеудің кепілі!

Жатыр мойны обырын ерте диагностикалау - табысты емдеудің кепілі!

Жатыр мойны обыры – әйелдерде  жиі кездесетін қатерлі ісіктердің бірі, ол барлық ісіктердің 5%-дан астамын құрайды және 5-ші орында. Ол 40-60 жас аралығындағы әйелдерде жиі кездеседі, бірақ соңғы жылдары жасару үрдісі байқалады және 20-30 жас аралығындағы әйелдерде кездеседі.

Жатыр мойны обыры бүкіл әлемде, оның ішінде Қазақстанда да өзекті мәселелердің бірі болып қалуда. Халықаралық қатерлі ісікті зерттеу агенттігінің деректері бойынша, әлемде жыл сайын 500 мыңнан астам осы қатерлі ісікті жаңа жағдайлары тіркеледі және жыл сайын одан 300 мыңнан астам әйел көз жұмады.

Статистикалық мәліметтерге жүгінетін болсақ, Жамбыл облысында 2020 жылы жатыр мойны обыры диагнозымен 545 әйел есепте тұрған, оның 74-і алғаш рет есепке алынды, 100,0 мың тұрғынға шаққанда сырқаттану көрсеткіші - 6,7-ні құрады. Жатыр мойны обырынан 38 әйел қайтыс болды.

2019 жылғы статистика бойынша: есепте 457 әйел тұрды, алғаш рет 78 әйел алынды, сырқаттану 100,0 мың тұрғынға шаққанда 6,8-ді құрады. 46 әйел қайтыс болды.

Жатыр мойны обырының белгілері әр түрлі және әр әйел оның ерте белгілерін бөлінділердің пайда болуынан білуі керек, олар әдетте сулы, қоңырлау  түсті, жағымсыз иісті болады. Етеккір циклімен байланысты емес қан кетулер,  жанаспалы қан кетулер, жыныстық қатынас кезінде ауырсыну. Мұндай белгілер ісік үлкен мөлшерге дейін өсіп, біртіндеп ыдырай бастағанда пайда болады.

Кеш байқалатын белгілер: іштің төменгі бөлігінің тартылуы, бел мен сегіз көз, тік ішек аймағында пайда болатын ауырсыну, жиі зәр шығару.

Емханаға әр түрлі себептермен барған әрбір әйел жатыр мойнынан жағынды алынатын және жатыр мойны обырын ерте кезеңде анықтау мүмкіндігі бар әйелдерді қарау кабинетінде тексеруден өтуі керек екенін есте ұстаған жөн.

Жатыр мойны обырының алдын алу үшін:

- салауатты өмір салтын ұстану;

- қыздар мен жасөспірімдердің жыныстық қатынас гигиенасына қатысты, әсіресе,  жыныстық өмірдің ерте басталуы туралы хабардар болуы;

- жатыр мойны обырын ерте анықтауға арналған  скринингтен тұрақты өту;

- жатыр мойнының обыр алды ауруларын уақтылы емдеу;

- темекі шегуден бас тарту.

Негізгі назар жыныстық өмірдің гигиенасына аударылуы керек. Жыныстық өмірдің ерте басталуы, кездейсоқ байланыстар, бірнеше серіктестер, тосқауылдарды елемеу – мұның бәрі папилломавирусты, оның ішінде оның патологиялық түрлерін жұқтырудың жоғары қаупіне әкеледі. Әрбір әйел жатыр мойны эрозиясының, қабыну ауруларының, жыныстық жолмен берілетін аурулардың алдын-алу туралы білуі тиіс.

Қазақстан Республикасында жатыр мойны қатерлі ісігін ерте анықтауға бағытталған скринингтік  бағдарламаны  енгізу - әйелдердің денсаулығын қорғауда үлкен үлес қосты.

Скринингтің негізгі мақсаты -  қатерлі ісікке дейінгі өзгерістерді анықтау, бастапқы формалардан бастап обырдың инвазивті формасының дамуына дейінгі кезең. Қатерлі ісікке дейінгі кезеңді уақтылы анықтау әйелдерге аурудан 100% айығуға мүмкіндік береді.

Облыста жатыр мойны обырының скринингі 2009 жылдан бастап жүргізіледі, әйелдердің нысаналы топтары – 30-дан 70 жасқа дейін, әр 4 жыл сайын тексеріледі.

Скрининг әдісі жатыр мойнынан жағындыны цитологиялық зерттеу болып табылады, ол қала мен аудандардың әрбір емханасында әйелдер қарау кабинетінде жүргізіледі.

            2021 жылы 49770 әйел жатыр мойны обырына тексерілуге жататын, 2021 жылдың 8 айында 35345 әйел скринингтен өтті, бұл 69,0% құрайды.  10 әйелден ауру анықталды, оның ішінде – 1 кезеңде - 9 (90,0%),  2 кезеңде - 1 (10,0%). Анықталған қатерлі ісік және қабыну аурулары емханаларда емделеді.

          Қалалық және аудандық емханалардың әйелдерді қарау кабинетінде тұрақты тексерілу, гинеколог дәрігерге қаралу, скринингтен уақтылы өту - жатыр мойны обырын ерте кезеңде анықтаудың және емдеудің сәттілігінің кепілі.

Полиптер, жаралар, эрозия, қабыну аурулары және жатыр мойнының басқа аурулары сияқты ісікке дейінгі сырқаттарды уақтылы емдеу туралы ұмытпаңыз.