Медицина қызметкерлері арасында шағын футболдан Турнир

Медицина қызметкерлері арасында шағын футболдан Турнир

Бүгін жаңадан салынып жатқан "Денсаулық" саябағында орналасқан футбол алаңшасының ашылуы болып, онда алғаш рет медицина қызметкерлері арасында шағын футболдан COVID-19 күресте қаза тапқан әріптестерді еске алуға арналған  турнир өтті. Аймақ ақ халаттыларының өз қаражатына салынып жатқан «Денсаулық» мәдениет және демалыс саябағында барлық стандарттық талаптарға сай салынған футбол алаңшасына Шымкент, Алматы қалалары мен Жамбыл облысы медицина қызметкерлерінен құралған командалар жиналды.  COVID-19 күресте қаза тапқан әріптестерді еске алуға арналған жолдастық матчтың бастамасы 1 минуттық  үнсіздікпен басталды.
Футбол – әлемдегі  ең танымал спорт түрі. Футбол – бұл  адамның жан-жақты физикалық дамуына айтарлықтай ықпал ететін және ағзаға өте жоғары талаптар қоятын спорт түрі.
Футболдың адам ағзасына тигізетін пайдасы өте зор: жүрек-қан тамыр жүйесін нығайтады, денедегі  майды азайтады, бұлшықет тонусын жақсартады, бірлескен икемділік пен  беріктікті арттырады, мінезді шынықтырады және өзін-өзі тәрбиелеуді,  топпен жұмыс істеуді үйрете отырып, жалпы адас бойындағы төзімділікті арттырады.
Медицина қызметкерлері салауатты өмір салтының денсаулықты сақтаудағы, халықтың өмір сүру ұзақтығын арттырудағы рөлін ескере отырып, осындай түрлі спорттық іс-шаралар ұйымдастыру арқылы денсаулықты жақсартуға болатынын көрсетіп отыр.
      COVID-19 күресте қаза тапқан медицина қызметкерлерінің құрметіне арналған облыстық турнирдің нәтижесі бойынша  1-орынды – Жамбыл  облысының «Медик»,  2-орынды – Алматы қаласының «Алатау» футбол командалары,  3-орынды -  Шымкенттік дәрігерлер командасы,  4-орынды – «SENIM» Денсаулық сақтау жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы РҚБ Жамбыл облыстық филиалының футбол командасы иеленді.
Турнирдің бас демеушісі болған «SENIM» Денсаулық сақтау жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы РҚБ Жамбыл облыстық филиалының төрайымы Г. Момбекова қатысушыларға сәттілік тілеп, жеңісті күндердің мол болуына тілектестігін білдірді.  Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А. Қалиев Алматы және Шымкент қалаларынан келген команда мүшелеріне ризашылығын білдіріп, COVID-19 бен күресте қайтыс болған әріптестер мәңгі есте болатындығын, бүгінгі жеңіс марқұмдар құрметіне арналатындығын жеткізді. Барлық қатысушылар арнайы медальдармен және "Алғыс хаттарымен" марапатталды. Турнирдің бас кубогы - "Медик" Жамбыл облысы дәрігерлерінен құралған командаға берілді.