Ел алғысына бөленіп жүрген оташы

Ел алғысына бөленіп жүрген оташы

Адам өмірін құтқару – ол үшін күнделікті әдетке айналған. Медицина саласында ең экстремальды болып саналатын мамандық – хирург. Терең білім мен теориядан өзге бұл сала қызметкерінде жәрдем беру қасиеті – маңызды. 21 жылдық еңбек өтілі бар, қолына скальпель ұстаған, бүгінгі бейбіт күннің батыры – Жандос Рысқұлов.

Практикалық тәжірибе ең маңызды болып есептелетін салада қызмет ететін кейіпкердің жамбылдықтар үшін есімі елеулі. Талай жанға қайта өмір сыйлаған, ажалдан арашалап қалған дәрігердің жұмысы жеңіл деуге әсте келмейді. Құдды «жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген мақал дәл осы мамандық иесіне арналғандай. Бұл соқпақ жолды қызметте еңбек ету – әр медицина өкілінің қолынан келмейтіні анық. Тіпті «қызыл диплом» да жұмыс барысында көмектеспейді. Ең бастысы – тәжірибе  мен ержүректілік.

Жандос  Рысқұлов 1998 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетін қызыл дипломмен бітірген.  Еңбек жолын 1998 жылы Жамбыл облыстық ауруханасында «Хирургия» мамандығы бойынша дәрігер-интерн болып бастаған. Интернатураны бітіргеннен кейін, 1999 жылдан бастап осы ұйымда дәрігер-хирург болып жұмыс істеді. 2012 жылдан бастап 2017 жылға дейін хирургия бөлімшесінде бөлім меңгерушісі лауазымында қызмет атқарды. 2017 жылдан бастап ұсыныс бойынша Жамбыл облыстық ауруханасы бас дәрігерінің хирургиялық жұмыс жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. 2020 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін  Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасында бас дәрігердің орынбасары қызметін атқаруда.

 «Жалпы хирургия» мамандығы бойынша жоғары біліктілік санаты, «Денсаулық сақтау менеджменті» мамандығы бойынша бірінші санаты бар. «Жалпы хирургия» мамандығы бойынша клиникалық практикаға жіберу үшін маман сертификаты бар. 2016 жылы ҚазМУ-де «ЖДСМ» «Денсаулық сақтау менеджменті» мамандығы бойынша қайта даярлаудан өткен. 2012-2020 жылдары Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас хирургы болып жұмыс істеді.

«Қазіргі таңда оқудың қиындығынан қашып, мектепті ерте аяқтауға асығатын жасөспірімдер көбейді. Дегенмен, өмір күресті қажет етеді. Әрқашан қиындықтар кездеседі және әрбір адам оған дайын болуы қажет. Медицина саласы қиын болса да, қажет мамандықтың бірі. Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруге болмайды. Өз замандастарыңа, жақынындай болып кеткен жерлестеріңе жәрдем беруден артық бақыт жоқ шығар, сірә! – дейді білікті хирург.

Жандос  Рысқулов - өз жұмысын жетік білетін тәжірибелі маман. Ол өзінің біліктілігін үнемі арттырумен қатар,  жас мамандарды тәрбиелеу мәселесіне үлкен көңіл бөледі. Сондай-ақ, ол науқастарды диагностикалау мен емдеудің консервативті және оперативті әдістерін жетік меңгерген.

Қызмет барысында талай жетістікке жеткен азаматқа марапаттан бөлек ерекше шабыт сыйлайтын, мерейін үстемдететін – алғыс. Ол – емделушінің алғысы. «Көшеде кездескен пациентің жылы жүзбен сәлем беріп, алғысын айтса арқаланып кетесің» дейді ол өз сөзінде.

Жауапкершілігі мол қызметте еңбек ететін бүгінгі кейіпкер – қызметіне адал, халқына жақын. Күн мен түнді елемейтін Жандос Ордабайұлы секілді мамандар облыстың  медицина саласын айтарлықтай дамытуға күш жұмсары анық.