Жамбыл облысында короновирусқа қарсы жаппай вакцинациялау басталды

Жамбыл облысында короновирусқа қарсы жаппай вакцинациялау басталды

Бүгін  Қазақстанда Covid-19 қарсы Ресей Федерациясында өндірілген «Спутник V» вакцинасын егу науқаны басталды. Оны алғашқылардың бірі болып облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев салдырды.

Вакцинация қабылдар алдында ол дәрігердің тексерілуінен өтіп, қарсы көрсетілімдері болмаған соң, алғашқы егуді бастады. Дәрігердің бақылауында 30 минуттай болған ол өзін жақсы сезінетіндігін айтты.

Қалалық емханада таң атқалы басталған егу науқанына медицина қызметкерлерінің барлық тобы  өз еріктерімен толастамай келуде. Бүгін кешке дейін 50 адамға вакцинация жасалады деп жоспарлануда.

Қазақстанға  2021 жылғы 31 қаңтарда Нұр-сұлтан авиарейсімен Гам-КОВИД-ВАК («Спутник V») вакцинасының 22 мың дозасы вакцина өңірлік сақтау орындарына  авиарейстермен келді. 

Жамбыл облысына «Спутник V» вакцинасының 1000 дозасы Шымкент қаласының оңтүстік өңірі бойынша бас қоймадан авторефрижератор арқылы 2021 жылғы 1 ақпанда таңғы сағат 04-те жеткізілді. Вакцинаны Тараз қ. облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары қабылдап, мұздатқыш камераларға -18 -20 градус температурада сақталатындай орналастырды.
       «Спутник V» вакцинасы температура режимін бақылау датчиктері бар контейнерлерде 18-20 градус температурада жабық күйде тасымалданады.
Коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялауға халықтың иммундауға жататын топтары қамтыла отырып, коронавирустық инфекцияны жұқтыру мен таралуының жоғары қаупіндегі  18-64 жастағы тұрғындар жатады.
        Вакцинациялаудың бірінші кезеңінде инфекциялық аурухананың, жедел медициналық көмектің, реанимацияның, МСАК-тың, қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері, санэпидқызмет қызметкерлері қамтылатын болады.
Екінші кезеңіне бірінші кезеңге кірмеген жалпы білім беретін мектептердің, ЖОО педагогтары, медициналық қызмет қызметкерлері кіреді.

Үшінші кезең - мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі мекемелердің педагогтарын, студенттер мен созылмалы аурулары бар адамдарды, медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметкерлерін қамтиды.
         Бұдан басқа, кейіннен халықтың қосымша топтарын қоса отырып, контингентті кеңейту жоспарлануда.

Вакцина жаңа болғандықтан және ол тасымалдау, сақтау және пайдаланудың ерекше жағдайларын талап ететіндіктен, егу жұмыстары қатаң түрде бөлу кестесі бойынша және Тараз қаласының 9 емханасының, одан әрі 10 аудан мен Шу қаласының вакцинация кабинеттеріне жеткізудің белгілі күндері бойынша, яғни кезең-кезеңмен ұйымдастырылады және жүргізіледі. Әр емханада вакцинация жұмыстары облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қатаң бақылауымен жүргізіледі.