Буын ауруларының  алдын алу

Буын ауруларының  алдын алу

      Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемдегі әрбір үшінші адам буын ауруларына шалдығады екен. Бүгінгі күні облысымызда 10 202  адам осы аурудың зардабын тартып отыр. Бұрын  сырқатқа елуді еңсеріп, алпыстан асқандар ғана шалдығатын болса, қазір жиырмадағы жастардың да буыны сырқырайды. Консервативтік ем дауа болмаған жағдайда, көбіне, онымен ауыратын науқастарға ота жасалып жатады. Қалалық көпбейінді ауруханасының травматология бөлімінің меңгерушісі, жоғары дәрежелі травматолог-дәрігер, ортопед Ерлан Төлеевтің  айтуынша, егер сырқаттанушы дер кезінде дәрігерге қаралмаса, асқынып, операцияның көмегінсіз жүре алмайтын халге жетеді. Сондықтан, қандай жағдайда да оның алдын-алуға әрекеттенген жөн.

ТІЗЕ СЫРҚЫРАП, ЖАМБАС ЖЕЛІНСЕ…

        Мамандардың айтуынша, аурудың пайда болу себебі әртүрлі.  Буындардағы шеміршек майының таусылуы, сүйектің қисаюы, жарақат салдарынан сынған сүйектердің дұрыс бітпеуі, ревмотологиялық аурулар, остеоартроз салдары, экологиялық ахуалдың нашарлығы, жейтін тағам мен ішетін судың сапасыздығы, қимыл-қозғалыстың аздығы, салмақтың көптігі, салқын тию, радиация сынды түрлі жайттар мен ағзаға әртүрлі инфекциялардың түсуі - осындай  ауруларға әкеліп соқтыруы мүмкін.
Буын ауырса, ол омыртқаға әсер етеді, мұндай жағдайда тұтас ағзаның қалыпты жұмысы бұзылады. Егер ауру алғашқы сатысында анықталып, ем жасалмаса, кейін науқастың мүгедек болу қаупі жоғары. Сондықтан оған бей-жай қарауға болмайды.

      «Жақында  біздің бөлімшеге  жас жігіт келіп түсті. Денсаулығы жақсы, жарақат алмаған. Бірақ жамбас буынының өзгеруінен әрең жүреді. Рентген зерттеуінің қорытындысын қарап, кешенді ем алуға кеңес бердім. Жалпы буын ауруына қырық жастан асқан азаматтар жиі шалдығады. Аурудың төрт сатысы бар. Алғашқыда сырқат жанға батып ауырмағандықтан, көпшілігі мән бермейді. Кейде ауыр жұмыс істегенде, көп жүргенде, баспалдақпен жоғары көтерілгенде адамның буын-буыны сырқырап, бел мен жамбас сүйектерде ауырсынулар болады. Бірақ  демалғаннан кейін, ауырғаны басылады. Осылай жалғаса береді. Ал соңғы сатысына жақындағанда, адамның буыны үнемі ауырып, кейде адам ақсап жүреді»-дейді, Ерлан Төлеев.
          Дәрігердің сөзінен байқағанымыз, соңғы жылдары буындардың шеміршегі ыдырап жойылып, сүйек беті жалаңаштануынан пайда болатын буын шеміршегінің дегенерациясы,  яғни остеоартроз,  жамбас буындары кішірейіп, сүйегі солып, адамды ақсақ етуге әкелетін некроз да, туғаннан пайда болатын дисплазия да көптеп кездесуде. Қазір екінің бірінің тізесі қақсаса, жамбасы желініп, төсекке таңылғандар қаншама. Емші жағалап ауруын асқындырып алғандар немесе жарақат алып, буынына зақым келгендер дәрігерге дер кезінде қаралмайды. Ал бұның соңы көп жағдайда мүгедектікке әкеліп соқтырады. Сондықтан әр адам өз денсаулығына салғырт қарамай, уақыт оздырмай медициналық  көмекке жүгінуі тиіс.

Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық

сақтау басқармасының баспасөз қызметі