Желкеңіз тартып жүр ме? Арқаңыз ауырып, беліңіз ауырады ма?
Аяғыңыз жиі ұйып, мазалайды ма? Бұл – омыртқа ауруларының белгілері болуы мүмкін. Ендеше, уақыт создырмай дәрігерге қаралыңыз. Дер кезінде анықталып, дұрыс жүргізілген ем оң нәтиже береді. Оңалту шараларынан өтетін 10 науқастың 8-і отасыз-ақ жазылып кетеді. Адам анатомиясында бір-бірімен жалғанған қысқа кеуекті сүйектер, яғни бағаналар омыртқаны құрайды. Ал омыртқаның өзі – мойын омыртқасы, кеуде омыртқасы, бел омыртқалары, сегізкөз омыртқалары, құйымшақ омыртқалары болып бірнеше түрге бөлінеді.
Тараз қалалық көп бейінді ауруханасының невралогия бөлімінің меңгерушісі, көп жылдық тәжірибесі бар дәрігер-невропатолог Ернар Алыпбаевтың айтуынша, бүгінде еңбекке қабілетті 3 адамның бірінде омыртқа аурулары кездеседі. Оның себебі – салауатты өмір салтын ұстанбау, бір орында көп отыру, қимыл-қозғалыстың аздығы. Омыртқа ауруларының кең таралған түрі – остеохондроз. Ол омыртқа дискілерінің қоректенуі төмендеп, қан айналымының өзгеруінен пайда болатын ауру. Яғни, омыртқааралық шеміршек шеңберлерінің (диск) созылғыштығы әлсіреп, сызаттар түседі, бертін келе сүйектік ұлпаға айналады. Оның халық арасында «танымалдылығы» соншалық, кейде желке тартып, балтыр сыздаса да оны остеохондрозға жатқызамыз. «Тұз жиналды» деп бұл ауруды елемейміз. Дегенмен, оған немқұрайлы қарауға болмайды. Өйткені, бұл ауру - қимыл-қозғалысты қиындатады, адам еркін жүріп-тұра алмайды. Егер асқынып кетсе, аяқ-қолдан жан кетеді.
«Бұл - бұрынырақта егде жастағылардың ауруы болатын. Қазір жас талғамайды. Оған 15-20 жастағы жасөспірімдер де ұшырайды. Дей тұрғанмен, одан зардап шегетіндердің басым көпшілігі - 30-50 жас аралығындағылар. Көбіне, ол ер адамдарға, әсіресе ауыр дене еңбегін атқаратын адамдарға, вибрациялы, суық орындарда жұмыс жасайтындарға үйір», - дейді Ернар Алыпбаев.
Тараз қаласының 31 жастағы тұрғынына дәрігерлер медициналық талдау-сараптау қорытындысын мойын омыртқасының жарығы деп бекіткен. Оператор-программист болып жұмыс істейтін Аяулым компьютер алдында күніне 8-9 сағаттан отырады екен. Желкесі тартып, мойны құрысып, дерті жанына батып, мойын омыртқасы шыдас бермеген соң дәрігерге қаралыпты. Сөйтсе, омыртқасына алдымен протрузия пайда болып, асқына келе жарықшаға айналған. Дәрігерлер қызға ота үстеліне жатуға тура келетінін жеткізіпті. Жүйке тамырлары мен жүйесіне әсер ететін отадан соң Аяулым өз-өзіне зорға келіп, қазірде жағдайы енді тұрақталып келеді. Алдағы уақытта оңалту іс-шараларынан өтуі қажет. Дегенмен, хирургиялық араласудың адам ағзасына әжептәуір қаупі де бар болғандықтан, оған жол бермеуге тырысу қажет.
Е. Алыпбаевтың айтуынша, омыртқа ауырып, мазалаған жағдайда халық емшілері мен тәуіптердің көмегіне ешбір жүгінуге болмайды. Себебі, олар дертіңізге дерт жамап беруі әбден мүмкін. Ең дұрысы - тұрғылықты мекен-жайыңыз бойынша емханаға немесе осы бағытта жұмыс істейтін жеке медициналық орталықтың мамандарына жүгініңіз. Ерте анықталған ауруды емдеуге болатынын ұмытпаңыз! Сондықтан, дертіңіз асқынып, ота үстелінен бір-ақ шыққыңыз келмесе, қазірден бастап тексерілгеніңіз жөн.
Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық
сақтау басқармасының баспсөз орталығы