Заманауи диагностика ауыл тұрғындарына қолжетімді болды
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен Жамбыл облысының елді мекендеріне медициналық қызметті жақындатуға бағытталған жылжымалы медициналық кешендер Қошқарата ауылына барды.
Жуалы ауданының тұрғындары үшін бұл – шалғай елді мекеннен шықпай-ақ заманауи диагностикалық тексерулерден өтуге мүмкіндік берген маңызды шара. Екі жылжымалы кешен қажетті медициналық құрал-жабдықтармен жасақталған. Оның бірінде 128 кескінді компьютерлік томография аппараты болса, екіншісінде эксперттік деңгейдегі ультрадыбыстық зерттеу аппараты мен цифрлық маммограф орнатылған.
Шара барысында Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек ауыл тұрғындарымен кездесіп, медициналық көмектің қолжетімділігін арттырудың маңызына тоқталды.
«Басты мақсатымыз – медициналық қызметті халыққа барынша жақындату. Әсіресе шалғай елді мекендерде тұратын азаматтардың заманауи диагностикалық тексерулерден уақытылы өтуіне мүмкіндік жасау маңызды. Онкологиялық ауруларды ерте анықтау – емнің нәтижелілігін арттырып, адам өмірін сақтап қалудың негізгі шарттарының бірі», – деді басқарма басшысы.
Жылжымалы кешендердің қызметіне жүгінген тұрғындар арасында диагностикалық тексерулер жүргізілді. Нәтижесінде 95 адам компьютерлік томографиядан, 92 тұрғын ультрадыбыстық зерттеуден, 34 әйел маммографиядан өтті.
Медицинадағы ең маңызды қағидалардың бірі – ауруды асқындырмай, алдын ала анықтау. Сондықтан жылжымалы медициналық кешендердің елді мекендерге баруы ауыл тұрғындары үшін қолжетімді әрі уақытылы медициналық тексерудің нақты мүмкіндігіне айналып отыр.