СОРТӨБЕДЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК ҚОЛЖЕТІМДІ
Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек
Сортөбе ауылдық ауруханасындағы жан сақтау және хирургия бөлімдерін, сондай-ақ операциялық блокты жандандыру жөніндегі тапсырмаларының орындалуын тексерді. Бөлімді қалпына келтіру бойынша жұмыстар бүгінде толық аяқталып, бөлімдер пайдалануға дайын.
Аталған бөлімдердің іске қосылуы шамамен 70 мың тұрғынға хирургиялық және реанимациялық көмекті ауылдық аймақтың өзінде көрсетуге, сондай-ақ аудандық орталық ауруханаға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, тұрғындарды амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін дәріхананы толық жабдықтау тапсырмасы орындалған. Нысан тегін дәрілік заттарды беруге дайын, қазіргі таңда тиісті лицензияны алу рәсімі жүргізілуде.
Басқарма басшысы перзентхана бөлімін аралап, ана мен балаға медициналық көмек көрсету жағдайымен және жұмысты ұйымдастыру тәртібімен танысты.
Осы ретте, Сортөбе ауылдық емханасында Триаж жүйесіне сәйкес ұйымдастырылған хирургия, операциялық және перзентхана бөлімшелеріне жапсарлас қосымша қабылдау кабинетін салу және Триаж жүйесі бойынша салынатын қабылдау бөлімін тұрғызу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Жұмыс сапары Еңбек ауылында жалғасып, күрделі жөндеуден өткен медициналық нысанның жағдайы тексерілді.
Сондай-ақ, Қарасай батыр ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның жұмысы қаралып, медициналық көмекті ұйымдастыру барысы пысықталды.
Жұмыс қорытындысында Сержан Назарбек ауылдық медициналық нысандарда атқарылған жұмыстардың сапасына назар аударып, халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша тиісті тапсырмалар берді.