ҚОРДАЙДА МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК САПАСЫН АРТТЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ
Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек Қордай аудандық орталық ауруханасында болып, бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалуын тексерді.
Атап айтқанда, бас дәрігерге заманауи автоматтандырылған бактериологиялық зертхананы қысқа мерзімде іске қосу тапсырылған болатын. Қазіргі таңда қажетті жабдықтар орнатылып, зертхананы алдағы аптада іске қосу жоспарланған.
Сондай-ақ госпитальдық фармация бөлімін ұйымдастыру және жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде тапсырма берілген. Бүгінде жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бөлімді қараша айының соңына дейін іске қосу көзделген.
Бұған дейін берілген инфекциялық бөлімді жөндеу туралы тапсырма толық орындалған. Қазіргі уақытта бөлімдегі жөндеу жұмыстары аяқталған.
Сонымен қатар, аурухананы жылыту маусымына сапалы дайындау, жылумен қамтудағы тәуекелдерді жою тапсырылған болатын. Нәтижесінде тозған құбырлардың проблемалық учаскелері толық ауыстырылып, 3-4 корпустың жылумен қамтылуына қатысты мәселе шешілді.
Жұмыс барысында Сержан Назарбек бас дәрігерге қалған жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтап, олардың сапасын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, жаңадан бой көтеретін Қордай аудандық орталық ауруханасының сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстарын жеке бақылауына алып, құжаттарды дайындау үдерісін жеделдетуді жүктеді.