Жылжымалы медициналық кешендердің аудандарға шығу мәселелері талқыланды

Жылжымалы медициналық кешендердің аудандарға шығу мәселелері талқыланды
Жылжымалы медициналық кешендердің аудандарға шығу мәселелері талқыланды
Жамбыл облыстық онкология және хирургия орталығында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбектің төрағалығымен жиында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен берілген екі жылжымалы медициналық кешеннің шалғай елді мекендерге шығуын ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Жылжымалы медициналық кешендер тұрғындарға заманауи диагностикалық тексерулер жүргізіп, әлеуметтік маңызы бар және онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беретіндігі айтылған.
Кездесуде кешендердің облыс аудандарына шығу кестесі, медициналық мамандармен қамтамасыз ету, сондай-ақ, шалғай елді мекен тұрғындарын алдын ала ақпараттандыру мәселелері қаралды.
Басқарма басшысы аудандық медициналық ұйымдардың бас дәрігерлеріне бекітілген кестеге сәйкес елді мекен тұрғындары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, кешендердің жұмысына қажетті жағдай жасауды тапсырды.
Сонымен қатар, жылжымалы медициналық кешендердің тұрақты жұмыс істеуі үшін елді мекендердегі 380 вольттық, үш фазалы электр желісіне қосылу мәселесін пысықтап, электр желілері мамандарымен қамтамасыз етуді бақылауға алуды жүктеді.
Басқарма басшысы шалғай ауыл тұрғындарына медициналық диагностиканың қолжетімділігін арттыру, ауруларды ерте анықтау және профилактикалық тексерулермен қамтуды кеңейту бағытында нақты тапсырмалар беріп, оның жұмысын өзі қатаң бақылауға алатынын жеткізді.