Облыс кардиологтары инновациялық ем әдістерін талқылады
«Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығында» Кардиологтар қоғамының кезекті отырысы өтті.
Жиын «Терминалды созылмалы жүрек жеткіліксіздігін хирургиялық емдеудегі инновациялық технологиялар және мультидисциплинарлық тәсіл» тақырыбына арналды.
Қазақстанда созылмалы жүрек жеткіліксіздігі 400 мыңнан астам адамда кездеседі. Оның ішінде терминалды сатыдағы пациенттерге механикалық қанайналымды қолдау немесе жүрек трансплантациясы қажет. Жамбыл облысында осы бағытта заманауи медициналық технологиялар белсенді енгізілуде. Орталықта 2,5 мыңнан астам ауыр дәрежедегі жүрек жеткіліксіздігі бар пациент бақылауда, 2018 жылдан бері 49 LVAD аппараты имплантацияланған.
Кездесуде жүрек трансплантациясы, LVAD және ЭКМО жүйелерін қолдану, асқынуларды басқару, сондай-ақ пациенттерді кардиологтан кардиохирургқа уақтылы бағыттау мәселелері талқыланып, басқарма басшысының орынбасары Есіркеп Дулат баяндама жасады.
Іс-шараға орталық директоры, профессор, академик Сейтхан Джошибаев пен өңірдің жетекші кардиологтары, кардиохирургтар қатысты.
Кездесу мамандар арасында тәжірибе алмасып, жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерге медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталды.