
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек Байзақ аудандық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне таңғы аралау жасады
Ол ем қабылдап жатқан балалардың жағдайымен танысып, олармен бірге жатқан аналармен әңгімелесті. Пациенттердің ем алу барысы, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі, медициналық көмектің сапасы мен бөлімдегі тұрмыстық жағдайлар жөнінде пікірлерін тыңдап, олардың ұсыныс-тілектеріне назар аударды.
Сондай-ақ аурухананың материалдық-техникалық базасы мен инфрақұрылымдық мәселелері де қаралды. Байзақ аудандық орталық ауруханасының ғимараты 1976 жылы пайдалануға берілген. Бүгінде медициналық мекемені жаңғырту мақсатында жаңа аурухана ғимаратының жобалық-сметалық құжаттамасын (ЖСҚ) әзірлеу жұмыстары басталған.
Басқарма басшысы емдеу мекемесінің жалпы экономикалық ахуалын, инженерлік-коммуникациялық жүйелердің жай-күйін, пациенттерді үздіксіз ауыз сумен, электр энергиясымен қамтамасыз ету, техникалық қызмет көрсету және басқа да шаруашылық мәселелерді жан-жақты талқылады. Осы бағыттар бойынша анықталған кемшіліктерді уақытылы шешіп, медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында аурухананың бас дәрігері Жандос Рысқұловқа нақты тапсырмалар жүктеді.
Сондай-ақ, пациенттердің қауіпсіздігі мен жайлы жағдайда ем қабылдауына барлық қажетті жағдай жасалуы тиіс екенін атап өтіп, берілген тапсырмалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстайтынын жеткізді.