
Зальцбург семинарлары – ана мен нәресте денсаулығын жақсартуға бағытталған маңызды тәжірибе
Австрия Республикасының Зальцбург қаласында ана мен бала денсаулығын қорғау саласына арналған халықаралық семинарлар өтті. Аталған білім беру бағдарламасына Жамбыл облыстық перинаталдық орталығының неонатолог дәрігері Пошакаева Гүлдана Бейбітқызы қатысып, әлемнің жетекші мамандарымен тәжірибе алмасты.
Зальцбург семинарлары ана мен нәресте денсаулығы саласындағы заманауи жетістіктерді талқылайтын беделді халықаралық алаңдардың бірі болып саналады. Семинар барысында жаңа туған нәрестелерге қарқынды терапия көрсету, шала туған нәрестелерді күту, неонаталдық реанимация, пациент қауіпсіздігі, дәлелді медицина қағидаттары және мультидисциплинарлық команданың жұмысы жан-жақты қарастырылды.
Семинарға қатысу барысында дәрігер халықаралық сарапшылардың дәрістерін тыңдап, клиникалық жағдайларды талқылауға қатысып, күнделікті тәжірибеде қолдануға болатын көптеген жаңа білім мен практикалық дағдыларды меңгерді.
Халықаралық деңгейде алынған бұл тәжірибе ана мен нәрестеге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға, жаңа тәсілдерді клиникалық тәжірибеге енгізуге және өңірдегі неонатологиялық қызметтің дамуына өз үлесін косады.