Акушерлік көмек пен инфекциялық бақылау қызметін дамыту мәселелері талқыланды

Акушерлік көмек пен инфекциялық бақылау қызметін дамыту мәселелері талқыланды

Акушерлік көмек пен инфекциялық бақылау қызметін дамыту мәселелері талқыланды

Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбектің төрағалығымен облыстық, қалалық және аудандық емдеу-профилактикалық ұйымдарының бас дәрігерлерінің қатысуымен «Акушерлік сағат» өтті.

Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айжан Терликбаева 2026 жылғы 1–3 шілде аралығында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мониторингтік тобы өңірде жүргізген тексеру нәтижелерімен таныстырды. Тексеру қорытындысы бойынша акушерлік-гинекологиялық көмекті өңірлендіру жөніндегі бұйрық жобасы әзірленіп, анықталған кемшіліктерді жоюға бағытталған түзету іс-шаралары белгіленді. Сондай-ақ медициналық ұйымдар басшыларына клиникалық хаттамалардың сақталуын қамтамасыз ету, ішкі бақылауды күшейту, клиникалық аудиттер мен симуляциялық жаттығуларды тұрақты өткізу, инфекциялық бақылау және санитариялық-эпидемиологиялық режим талаптарын сақтау, сондай-ақ тапсырмалардың орындалуы туралы басқармаға уақтылы есеп беруді қамтамасыз ету міндеттелді.

Акушерлік қызметтің өңірлік үйлестірушісі Қаракөз Сагингалиева акушерлік-гинекологиялық көмекті өңірлендіру жөніндегі бұйрық жобасын таныстырды. Құжатта жүкті әйелдерді бағыттау жүйесін жетілдіру, клиникалық хаттамалардың орындалуын бақылауды күшейту, тұрақты клиникалық аудиттер мен симуляциялық жаттығулар өткізу, медициналық ұйымдардың шұғыл көмек көрсетуге дайындығын арттыру көзделген. Сонымен қатар бұйрық талаптарын сапалы орындау, медициналық көмекті көрсету стандарттарын сақтау және ішкі бақылауды күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Облыстың штаттан тыс бас эпидемиологы Гульфайра Мирзабекова Жамбыл облысының медициналық ұйымдарында медициналық көмек көрсетуге байланысты инфекциялардың алдын алу бағдарламасын іске асыру және инфекциялық бақылау жүйесін жетілдіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Баяндамада медициналық көмек көрсетуге байланысты инфекцияларға эпидемиологиялық қадағалауды жетілдіру, желдету және зарарсыздандыру жүйелерінің тиімді жұмысын қамтамасыз ету, зертханалық қызметті жаңғырту, стационарларда инфекциялық бақылауды күшейту, бейінді мамандарды даярлау және медициналық ұйымдардағы инфекциялық бақылау қызметтерінің тиімділігін арттыру мәселелері қамтылды.

Жиын қорытындысы бойынша денсаулық сақтау басқармасының басшысы бірқатар нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуы тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.