Инфекциялық бақылау мамандарын даярлау

Инфекциялық бақылау мамандарын даярлау

Инфекциялық бақылау мамандарын даярлау

Жамбыл облысында инфекциялық бақылау және медициналық көмек көрсетумен байланысты инфекциялардың (МККБИ) алдын алу бағытында медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Оқыту Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының іс-шаралар жоспары аясында ұйымдастырылуда.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында «Медициналық ұйымдардағы, оның ішінде босандыру ұйымдарындағы инфекциялық бақылау» бағдарламасы бойынша Тараз қаласындағы жеті медициналық ұйымның 198 дәрігері мен орта буын медицина қызметкері оқытудан өтті. Жалпы 2025–2026 жылдары Тараз қаласы, Қордай және Т. Рысқұлов аудандарының медициналық ұйымдарынан 718 медицина қызметкері даярланды.

Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығының базасында госпитальдық эпидемиологтар мен инфекциялық бақылау мейіргерлеріне арналған мамандар күні өтті. Спикерлер ретінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологы Гульфайра Мирзабекова, инфекциялық бақылау бойынша облыстық үйлестіруші Бақыт Уразбекова, госпитальдық эпидемиологтар Дария Умарова мен Альмира Әбділда, сондай-ақ қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Назира Жолдыбаева сөз сөйледі.

Іс-шара барысында медициналық көмек көрсетумен байланысты инфекциялардың алдын алудың өзекті мәселелері, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің нормативтік-құқықтық актілеріне енгізілген өзгерістер және инфекциялық бақылауды ұйымдастырудың практикалық аспектілері қарастырылды. Жиынға облыстың медициналық ұйымдарынан 52 маман қатысты.

Іс-шара соңында Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері Серік Жетібаев және әріптестері медицина ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі Виолета Капасакалисті 80 жас мерейтойымен құттықтап, санитариялық-эпидемиологиялық қызметті дамытуға және мамандар даярлауға қосқан көпжылдық еңбегі үшін алғыс білдірді.