Жамбыл жоғары медициналық колледжінде түлектерге диплом табысталды

Жамбыл жоғары медициналық колледжінде түлектерге диплом табысталды

Жамбыл жоғары медициналық колледжінде түлектерге диплом табысталды

Биыл оқу орнын «Емдеу ісі» (фельдшер), «Акушерлік іс» (акушер), «Мейіргер ісі» (жалпы практика мейіргері, массаж жасаушы, мейіргер ісінің қолданбалы бакалавры), «Фармация» (фармацевт) және «Зертханалық диагностика» (медициналық зертханашы) мамандықтары бойынша 1181 жас маман тәмамдады.

Түлектердің 130-ы оқуын үздік аяқтап, үздік диплом иегері атанды. Ал техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша білім мен кәсіби дағдыларды тәуелсіз бағалау форматындағы қорытынды мемлекеттік аттестаттаудың нәтижесінде білім сапасының көрсеткіші 98,4 пайызды құрады.

Салтанатты рәсімге Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек қатысып, түлектерді, оқытушыларды, ата-аналарды және қонақтарды мерейлі сәтпен құттықтады.

Жас мамандарға арнаған құттықтау сөзінде Сержан Назарбек биылғы түлектердің колледждің 90 жылдық мерейтойы тұсында үлкен өмірге жолдама алып отырғанының ерекше мәні бар екенін атап өтті. Сондай-ақ олардың енді елдің денсаулық сақтау жүйесінің ажырамас бөлігіне айналып, халық денсаулығын қорғау жолында кәсіби шеберлікпен қатар мейірім мен жанашырлық, жоғары жауапкершілік танытуы қажет екенін айтты.

– Бүгін сіздер жай ғана диплом алып тұрған жоқсыздар. Сіздер медицина қызметкерлерінің үлкен отбасына қосылып отырсыздар. Ендігі міндет – күн сайын адамдардың денсаулығын сақтауға қызмет ету. Кейде науқасқа көрсетілген ықылас, жылы сөз бен шынайы қамқорлықтың өзі ем-домнан кем түспейді. Орта буын медицина қызметкерлері – денсаулық сақтау жүйесінің басты тіректерінің бірі. Пациенттердің сауығып, қалыпты өмірге оралуы көбіне сіздердің кәсіби біліктіліктеріңізге, жауапкершіліктеріңізге және адал еңбектеріңізге байланысты, – деді Сержан Назарбек.