
Денсаулық сақтау ұйымдары басшыларының қатысуымен кеңес өтті
Жиында денсаулық сақтау саласындағы кадрлық саясат, маман тапшылығын азайту, жас дәрігерлерді қолдау және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелері қаралды. Бұл бағыттағы жұмыстар туралы басқарма басшысының орынбасары Лаура Отарбайқызы баяндады. Басқарма басшысы медициналық ұйымдар басшыларына кадрлық әлеуетті нығайту және жас мамандарды қолдау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Сондай-ақ медициналық ұйымдардағы кредиторлық берешектерді азайту мәселесі қаралып, бұл жөнінде басқарманың инфрақұрылымды дамыту, экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жансая Еруова баяндама жасады. Талас аудандық көпбейінді орталық ауруханасының бас дәрігері Алмас Исаков пен Жамбыл аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Ақмарал Қайыпберген қосымша ақпарат ұсынды.
Кеңес барысында Жамбыл облысында клиникалық фармакология қызметін жетілдіру жөніндегі 2026–2027 жылдарға арналған жол картасының орындалуы және медициналық ұйымдардың «СК-Фармация» ЖШС алдындағы берешектері мәселесі де талқыланды. Аталған тақырып бойынша басқарманың дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Бағлан Тұрған баяндама жасады.
Жиын қорытындысында Сержан Назарбек медициналық ұйымдар басшыларына қаржылық тәртіпті күшейту, берешектердің өсуіне жол бермеу, дәрілік қамтамасыз ету жұмыстарын жүйелеу және қойылған міндеттердің сапалы орындалуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді.