Жамбыл облысында балалардағы бастапқы иммун тапшылығын ерте анықтау мәселелері талқыланды

Жамбыл облысында балалардағы бастапқы иммун тапшылығын ерте анықтау мәселелері талқыланды

Жамбыл облысында балалардағы бастапқы иммун тапшылығын ерте анықтау мәселелері талқыланды

Жамбыл облысына ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас ересектер аллерголог-иммунологы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Елена Ковзель жұмыс сапарымен келді.

Сапар аясында өңірдегі медициналық ұйымдардың басшыларымен, педиатриялық қызмет өкілдерімен және дәрігерлермен кездесу өтті. Жиында балалардағы бастапқы иммун тапшылықтарын ерте анықтау және дер кезінде диагностикалау мәселелері кеңінен қаралды.

Кеңесті ашқан Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек аллергологиялық және иммунологиялық қызметті одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтіп, балалар арасында иммун тапшылығы жағдайларын ерте анықтаудың қажеттілігіне ерекше тоқталды.

Өз баяндамасында Елена Ковзель бастапқы иммун тапшылықтарын диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдерін таныстырды. Ол иммундық жүйенің туа біткен бұзылыстарын дер кезінде анықтау баланың денсаулығы мен өмірін сақтауда шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Сондай-ақ мұндай аурулардың басым бөлігі кеш анықталатынын айтып, алғашқы буын дәрігерлерінің қырағылығын арттыруға баса назар аудару қажеттігін жеткізді.

Маманның айтуынша, жиі әрі ауыр инфекциялар, қайталамалы пневмониялар және антибактериалды емнің жеткіліксіз әсері иммун жүйесіндегі туа біткен ақаулардың белгісі болуы мүмкін. Сонымен қатар ол балаларды уақтылы мамандандырылған тексеруге жолдау және ата-аналармен дұрыс байланыс орнатудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

Кеңес барысында диагностика сапасын жетілдіру, пациенттерді бағыттау жүйесін оңтайландыру және салааралық өзара іс-қимылды күшейту мәселелері де қаралды. Қатысушыларға қауіп тобына жататын балаларды ерте анықтау жұмысын күшейту және дәрігерлердің қырағылығын арттыру бойынша нақты ұсыныстар берілді.

Елена Ковзельдің бұл сапары Жамбыл облысындағы медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға және балаларға көрсетілетін мамандандырылған көмекті жетілдіруге маңызды серпін берді