
Педиатриялық сағат: балалар денсаулығын қорғау мәселелері талқыланды
Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбектің төрағалығымен нәрестелер мен балалар өлімін төмендету мәселелеріне арналған педиатриялық сағат өтті.
Кеңес барысында Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бас дәрігері Мәулім Кенжалы 2025–2026 жылдары бір жасқа дейінгі балалардың үй жағдайында қайтыс болу жағдайларына талдау жасады. Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас педиатры Әсел Шорманова өңірдегі 2025–2026 жылдардың I тоқсанындағы нәресте өлімінің көрсеткіштері туралы баяндады. Жамбыл облысы бойынша ИВБДВ/УПМП үйлестірушісі Бағила Бегманова алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында ИВБДВ стратегиясы мен патронаждық бақылаудың әмбебап-прогрессивті моделін іске асыру мониторингінің нәтижелерімен таныстырды.
Сондай-ақ, үй жағдайында қайтыс болған баланың өлім жағдайына жүргізілген талдау қаралып, оған қатысты рецензияны онлайн форматта Астана қаласындағы Ұлттық медициналық білім беру орталығының мастер-тенері, медицина ғылымдарының кандидаты Зәуре Оспанова ұсынды.
Жиын қорытындысында Сержан Назарбек патронаж қызметінің жұмысын жетілдіру, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, ерте жастағы балалар мен жүкті әйелдерді бақылауды күшейту, ведомствоаралық өзара іс-қимылды дамыту, сондай-ақ ана мен бала денсаулығын қорғауға бағытталған Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің нормативтік-құқықтық актілерінің орындалуын бақылауды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Берілген тапсырмалардың орындалуы Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының ерекше бақылауында болады.