
Байқау кеңесінде аурухананың даму бағыттары қаралды
Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбектің қатысуымен облыстық көпбейінді ауруханасында Байқау кеңесінің отырысы өтті.
Жиын барысында аурухананың 2025–2029 жылдарға арналған даму жоспары аясындағы көрсеткіштері қаралды. Бас дәрігердің орынбасары Тимур Қарақұлов баяндама жасап, мекемеде қауіпсіздік талаптарын сақтау және инфрақұрылымды жетілдіру бағытында қолға алынған шаралармен таныстырды. Байқау кеңесі мүшелері бұл бағыттағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, олардың сапалы жүзеге асырылуын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.
Отырыс барысында сөз алған денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және аурухананың материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайту мәселелеріне ерекше назар аударды. Сондай-ақ, ол даму жоспарында белгіленген көрсеткіштердің уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырып, жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді. Басқарма басшысы халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жақсарту – денсаулық сақтау саласының басты басымдығы екенін атап өтті.
Сондай-ақ, ұжымның әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға қатысты мәселе бойынша бас дәрігер Марат Жұманқұлов баяндама жасап, медициналық қызметкерлердің еңбегін ынталандырудың маңыздылығын жеткізді. Өз кезегінде Сержан Назарбек медицина қызметкерлерінің еңбегін лайықты бағалау – олардың кәсіби ынтасын арттырып, көрсетілетін қызмет сапасына оң әсер ететінін атап өтті.
Отырыс қорытындысында күн тәртібіне енгізілген барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер белгіленді.