
Медицина қызметкерлері күніне арналған облыстық спартакиада
Жамбыл облысында медицина қызметкерлері күніне орай Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында сала мамандары арасында облыстық спартакиада өтуде.
Ауқымды спорттық шараны Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырып отыр. Іс-шараға «QazMed» медицина және сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ-ның Жамбыл облыстық филиалы қолдау көрсетуде.
Спартакиаданың басты мақсаты – медицина қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, ұжымдық бірлікті нығайту және өңірдегі денсаулық сақтау ұйымдары арасындағы кәсіби әрі достық байланысты арттыру.
Жарысқа облыстағы 33 медициналық ұйымның қызметкерлерінен құралған 7 команда қатысуда. Олардың қатарында ауруханалар, емханалар және өзге де денсаулық сақтау мекемелері бар.
Қатысушылар футбол, волейбол, жеңіл атлетика, үстел теннисі, шахмат және тоғызқұмалақ спорт түрлері бойынша бақ сынауда.
Спартакиаданың салтанатты ашылуы Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбектің құттықтау сөзімен басталды. Ол қатысушыларды кәсіби мерекемен және жарыстың басталуымен құттықтай отырып, медицина қызметкерлерінің халық денсаулығын сақтаудағы айрықша рөлін атап өтті.
– Денсаулық сақтау – қоғам үшін стратегиялық маңызы зор сала. Медицина қызметкерлерінің кәсібилігі, жанқиярлық еңбегі мен жоғары жауапкершілігі әрдайым зор құрметке лайық. Бүгін бастау алған спартакиада – тек спорттық бәсеке ғана емес, ол салауатты өмір салтын дәріптеп, ұжымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтатын маңызды алаң. Бұл бастама өңірдегі медицина қызметкерлерінің рухын көтеріп, саланың дамуына жаңа серпін беретініне сенімдімін, – деді Сержан Назарбек.
Жарыс қорытындысы бойынша әр спорт түрінен үздік командалар мен спортшылар анықталады.