Иммунопрофилактика бойынша көшпелі жұмыс

Иммунопрофилактика бойынша көшпелі жұмыс

Иммунопрофилактика бойынша көшпелі жұмыс

Облыстық мониторингтік топ құрамындағы облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологы, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының консультативтік-әдістемелік орталығының жетекшісі Гүлфайра Мирзабекова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Мұрат Жұмабаев және иммунолог Минаш Аблаева Меркі, Қордай, Байзақ аудандарының алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары мен «Күншуақ» медициналық орталығының медицина қызметкерлеріне иммунопрофилактика, екпелерді есепке алу, вакциналардың қозғалысын бақылау және «суық тізбек» талаптарын сақтау мәселелері бойынша практикалық әрі консультативтік-әдістемелік көмек көрсетті.

Жұмыс барысында вакцинамен басқарылатын инфекциялар бойынша эпидемиологиялық жағдайға және халықтың декреттелген топтарын иммундаумен қамту деңгейіне талдау жүргізілді. Екпелерді есепке алу, ақпараттық жүйеге («Вакцинация» модулі) деректер енгізу, 2026 жылдың алғашқы төрт айына арналған №3 және №4 электрондық есептік нысандарды қалыптастыру, сондай-ақ тоңазытқыш жабдықтармен қамтамасыз ету және оларды пайдалану мәселелеріне қатысты түйткілді жайттар анықталды.

Үш өңірдегі стационарлар мен алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына бару кезінде екпелер туралы мәліметтердің ақпараттық жүйеге енгізілу сапасы тексеріліп, анықталған қателер түзетілді. Вакцинацияға жауапты дәрігерлер мен медицина қызметкерлері үшін есептік-құжаттаманы электрондық форматта қалыптастыру бойынша практикалық оқыту ұйымдастырылды.

Мамандар үш аудандық емхананың, бес дәрігерлік амбулаторияның және бір медициналық орталықтың қызметкерлеріне вакцинация және вакциналардың қозғалысы туралы деректерді ақпараттық жүйеге енгізу мәселелері бойынша шеберлік сабақтарын өткізіп, практикалық көмек көрсетті. Барлығы 71 медицина қызметкері оқытылды.

Анықталған мәселелер медициналық ұйымдардың басшылары, өңірлік үйлестірушілер, жалпы практика дәрігерлері, вакцинаторлар және өзге де жауапты мамандардың қатысуымен өткен жұмыс кеңестерінде талқыланды.

Иммундауды есепке алу жүйесін жетілдіру және ақпараттық жүйеге деректерді енгізу сапасын арттыру мақсатындағы жұмыстар жалғасады. Медициналық қызметкерлер үшін нысаналы оқыту ұйымдастырылып, өңірлік үйлестірушілерге деректердің толық енгізілуіне, халықты иммундаумен қамту деңгейіне және профилактикалық екпелер жоспарының орындалуына апта сайын бақылау жүргізу ұсынылды.

Облыстық мамандардың өңірлердегі жұмысы жалғасуда.