Денсаулық сақтау министрі Тараздағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында болды
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жұмыс сапары аясында Тараз қаласындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына барып, оның қызметімен танысты.
Сапар барысында министр орталықта көрсетілетін әлеуметтік және сауықтыру қызметтерінің деңгейін зерделеп, келушілермен еркін пікір алмасты. Әсіресе, аға буын өкілдерінің белсенді демалысын ұйымдастыруға, денсаулығын нығайтуға және олардың қоғам өміріне белсене араласуына жасалған мүмкіндіктерге ерекше назар аударылды.
Орталық егде жастағы азаматтарға арналған қызметтердің кең спектрін ұсынады. Мұнда дәрігер мен психологтың кеңесі, физиотерапиялық ем-шаралар, массаж, емдік дене шынықтыру, йога және би сабақтары жүргізіледі. Сонымен қатар, тұзды шахта, үстел теннисі мен бильярд залдары, цифрлық дағдыларды меңгеруге арналған компьютерлік сынып, сондай-ақ қолөнер және бос уақытты тиімді өткізуге арналған кабинеттер жұмыс істейді.
Министр мұндай әлеуметтік бастамалардың маңыздылығына тоқталып, олардың аға буын өкілдерінің белсенді ұзақ өмір сүруіне және өмір сапасын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
– Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын ашу – әлеуметтік қолдау жүйесін дамытудағы маңызды қадам. Мұндай орталықтар азаматтарға белсенді өмір салтын сақтауға, денсаулығын нығайтуға, қажетті сауықтыру қызметтерін алуға, өзара қарым-қатынас жасап, қоғамда өз орнын сезінуге мүмкіндік береді, – деді Ақмарал Әлназарова.