Денсаулық сақтау министрі Байзақ ауданына жұмыс сапарымен барды

Денсаулық сақтау министрі Байзақ ауданына жұмыс сапарымен барды
Денсаулық сақтау министрі Байзақ ауданына жұмыс сапарымен барды
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Байзақ ауданына барып, аудандық орталық аурухананың қызметімен танысты.
Сапар аясында министр медициналық мекеменің құрылымдық бөлімшелерін аралап, тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін, сондай-ақ материалдық-техникалық жабдықталу деңгейін зерделеді.
Аудандық орталық аурухананың басшылығы 2026 жылдың алғашқы 4 айындағы жұмыс қорытындыларын ұсынып, негізгі көрсеткіштердің орындалуы, инновациялық технологияларды енгізу және хирургиялық қызметтің дамуы жөнінде баяндады.
Талқылау барысында медициналық көмектің сапасын арттыру, емдеу-диагностикалық үдерісті жетілдіру, мамандандырылған көмекті дамыту және кадрлық әлеуетті нығайту мәселелері жан-жақты қаралды.
Министр өз сөзінде медициналық көмектің жоғары деңгейін тек облыс орталықтарында ғана емес, ауылдық жерлерде де қамтамасыз етудің маңызын атап өтті.
– Аудандық ауруханаларды дамыту, оларды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, мамандардың біліктілігін арттыру және жаңа медициналық технологияларды енгізу – денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты дамуының негізі. Қабылданып жатқан барлық шаралар халықтың денсаулығын жақсартып, өмір сапасын арттыруға бағытталуы тиіс, – деді Ақмарал Әлназарова.
Сапар қорытындысы бойынша медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту, озық диагностикалық және емдеу тәсілдерін енгізу, сондай-ақ Байзақ ауданы тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын жетілдіру бағытында нақты тапсырмалар берілді.