ҚР Денсаулық сақтау министрі медицина саласының ардагерлерімен кездесті
Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медицина саласының ардагерлерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында денсаулық сақтау жүйесінің бүгінгі дамуы, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар, сондай-ақ саланың алдағы міндеттері талқыланды. Министр мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтіп, медициналық инфрақұрылымды жаңғырту, алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамыту, ауылдық жерлердегі медициналық қызметтердің сапасын арттыру және кадрлық әлеуетті нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Ақмарал Әлназарова соңғы жылдары денсаулық сақтау саласында бірқатар оң өзгерістер жүзеге асқанын атап өтті. Атап айтқанда, жаңа медициналық нысандардың ашылуы, заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету деңгейінің артуы, жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімді болуы және цифрлық технологиялардың кеңінен енгізілуі халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік бергенін айтты.
Министр өз сөзінде бүгінгі жетістіктердің негізінде медицина ардагерлерінің қажырлы еңбегі мен кәсіби тәжірибесі жатқанын ерекше атап өтті.
– Сіздер отандық денсаулық сақтау жүйесінің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қостыңыздар. Көптеген дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне тәлімгер болып, кәсіби жол көрсеттіңіздер. Бүгінгі буын сіздердің еңбектеріңізді жоғары бағалайды және құрметтейді, – деді министр.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, ардагерлер саланың өзекті мәселелері мен даму перспективалары жөнінде ұсыныстарын білдірді. Министр көтерілген бастамалар мен ұсыныстардың назарға алынатынын айтып, медицина ардагерлеріне көпжылдық адал еңбегі мен денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.