Жамбыл облысына Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова келді.
Сапар барысында министр облыс әкімдігі басшылығымен кездесіп, өңірдегі денсаулық сақтау саласының даму мәселелерін талқылайды. Сонымен қатар Тараз қаласындағы Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының, «Амир және Д» медициналық мекемесінің және облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығының жұмысымен танысады.
Бағдарлама аясында медицина қауымдастығымен кеңес өткізіліп, Жамбыл облысындағы медициналық көмектің сапасы, эпидемиологиялық жағдай, иммунопрофилактика және денсаулық сақтау жүйесінің өзекті мәселелері қаралады.
Сапардың екінші күні министр Байзақ ауданында облыс тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдайды. Сондай-ақ, Байзақ дәрігерлік амбулаториясы мен орталық аудандық емханасының қызметімен танысады.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізу жоспарланған.