
Инфекциялық қызмет мамандары аса қауіпті инфекцияларға қарсы күрес шараларын талқылады
Жамбыл облыстық инфекциялық ауруханасы базасында «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы кезіндегі клиника, диагностика, емдеу және профилактикалық шаралар» тақырыбында облыстық семинар өтті. Іс-шараға облыстағы медициналық ұйымдардың инфекционист дәрігерлері, бас дәрігерлердің емдеу ісі жөніндегі орынбасарлары, жедел медициналық жәрдем станциясының қызметкерлері, госпитальдық эпидемиологтар және өңірдің инфекциялық қызмет мамандары қатысты. Семинар модераторы Жамбыл облыстық инфекциялық ауруханасының бас дәрігері Сағыныш Нургабылова болды.
Өңірдің оба, туляремия, сібір жарасы, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы және лейшманиоз секілді аса қауіпті инфекциялардың табиғи ошақтарына жататыны атап өтілді. Сонымен қатар ішек инфекциялары, вирустық гепатиттер, бруцеллез және паразиттік аурулардың жоғары деңгейі сақталуда.
Құттықтау сөз сөйлеген Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек өңірдегі денсаулық сақтау жүйесінің маңызды міндеттерінің бірі – медициналық ғылымның заманауи жетістіктері мен диагностика және емдеудің жаңа технологияларына сай халыққа сапалы медициналық көмек көрсету, сондай-ақ медицина кадрларының кәсіби деңгейін тұрақты арттыру екенін атап өтті.
Медицина ғылымдарының кандидаты, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина-фармацевтика академиясы инфекциялық аурулар және дерматовенерология кафедрасының меңгерушісі Гүлжан Абуова Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдерін таныстырды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологы, ЖОИБ инфекциялық аурулар қаупін басқару жөніндегі консультативтік-әдістемелік орталығының жетекшісі Гүлфайра Мырзабекова эпидемиологиялық ахуалға талдау жасап, 2026 жылға арналған болжамды ұсынды.
Жамбыл облыстық инфекциялық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Талғат Шымырбаев 2025–2026 жылдардағы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының ауыр жағдайларына талдау жасады.
Сондай-ақ баяндамалармен инфекциялық ауруханадағы 5-бөлімшенің меңгерушісі Мұхтар Сержанов, облыстың штаттан тыс бас бактериологы, инфекциялық аурулар зертханасының меңгерушісі Баян Сарсенбаева және госпитальдық эпидемиолог Бекболат Кенесбаев сөз сөйледі.
Семинар соңында қатысушылар аса қауіпті инфекцияларды диагностикалау, емдеу және алдын алу мәселелерін талқылап, тәжірибе және практикалық ұсыныстармен алмасты.