«Облыстың үздік мейіргері – 2026» кәсіби байқауы өтті

«Облыстың үздік мейіргері – 2026» кәсіби байқауы өтті

«Облыстың үздік мейіргері – 2026» кәсіби байқауы өтті

Жамбыл облысында денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған маңызды іс-шара – «Облыстың үздік мейіргері – 2026» байқауы өтті.

Ауқымды шараны Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы, «QAZMED» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы және «Жамбыл облысы мейіргер ісі мамандарының кәсіби бірлестігі» қоғамдық бірлестігі бірлесіп ұйымдастырды.

Байқау денсаулық сақтау жүйесінде ерекше орын алатын мейіргер мамандығының маңызын арттыруға бағытталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – мейіргерлердің кәсіби деңгейін көтеру, олардың қоғамдағы беделін нығайту, сондай-ақ халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жақсарту. Бұл өз кезегінде тұрғындардың денсаулығын сақтауға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді.

Іс-шараға Жамбыл облысының әр өңірінен келген үздік мейіргерлер қатысып, өзара бақ сынасты. Қатысушылар бірнеше кезең бойынша білімдері мен тәжірибелерін көрсетті. Алғашқы кезеңде үміткерлер өзін таныстырып, кәсіби жетістіктері мен тәжірибесін қамтыған үй тапсырмасын қорғады.

Екінші кезең «Мейіргерлік блиц: алғашқы көмектен клиникалық шешімге дейін» тақырыбында өтті. Мұнда қатысушылар шұғыл жағдайда дұрыс әрі жылдам шешім қабылдай білу қабілеттерін көрсетті. Күрделі клиникалық жағдайларға байланысты қойылған сұрақтарға нақты әрі дәл жауап беру талап етілді.

Үшінші кезеңде теориялық білім деңгейі сараланып, мейіргерлік іс бойынша кәсіби дайындықтары тексерілді. Ал соңғы, шешуші кезеңде қатысушылар клиникалық станцияларда тәжірибелік дағдыларын көрсетті. Арнайы симуляциялық құралдар арқылы науқастарға көмек көрсету алгоритмдері пысықталып, олардың нақты жұмыс жағдайындағы әрекеттері бағаланды.

Осындай байқаулар мейіргерлердің кәсіби шеберлігін шыңдап қана қоймай, тәжірибе алмасуға, жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеруге мүмкіндік береді.