Пациент мектебі ашылды

Пациент мектебі ашылды

Пациент мектебі ашылды

Жамбыл жоғары медициналық колледжінде функционалдық бұзылыстары бар пациенттердің туыстары мен күтушілерін оқытуға арналған пациенттер мектебі өз жұмысын бастады.

Жобаның мақсаты – күтім жасаушылардың білім деңгейін арттыру, практикалық дағдыларын қалыптастыру және пациенттердің өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ету. Салтанатты рәсімге Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек қатысып, бұл бастаманың өңірдегі медициналық қызмет сапасын арттырудағы маңыздылығын атап өтті. Ашылу барысында №5 қалалық емхананың пациенті Күлайым Абдырайымқызы лентаны қиып, үй жағдайында күтім жасайтын азаматтар үшін мұндай мектептің қажеттілігі жоғары екенін жеткізді.

Іс-шара аясында қатысушыларға пациенттер мектебінің негізгі бағыттары кеңінен таныстырылып, күтім жасаудың заманауи әдістері, оңалту шаралары, асқынулардың алдын алу және қауіп факторларын ерте анықтау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылып, қатысушылар пациентке дұрыс күтім жасау, өздігінен бақылау жүргізу және алғашқы көмек көрсету дағдыларын меңгерді.

Пациент мектебі – науқастар мен олардың жақындарын ауруды басқаруға, емдеу тәртібін сақтауға және асқынулардың алдын алуға үйрететін маңызды білім беру алаңы. Оның аясында ақпараттық-ағартушылық жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, медициналық, психологиялық және әлеуметтік бағыттағы кеңестер, сондай-ақ оқу-тәжірибелік сабақтар тұрақты түрде ұйымдастырылатын болады.

Аталған бастама халықтың медициналық сауаттылығын арттыруға, науқастардың өз денсаулығына деген жауапкершілігін күшейтуге және жалпы күтім сапасын жақсартуға бағытталған.