Жамбыл облысында жатыр мойны обырының алдын алу бағытындағы халықаралық тәжірибе талқыланды

Жамбыл облысында жатыр мойны обырының алдын алу бағытындағы халықаралық тәжірибе талқыланды

Жамбыл облысында жатыр мойны обырының алдын алу бағытындағы халықаралық тәжірибе талқыланды

Жамбыл облыстық онкология және хирургия көпбейінді орталығында «Жатыр мойны обырының алдын алу» тақырыбында оқу-тәжірибелік семинар ұйымдастырылды.

Іс-шара Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы, Халықаралық жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ғылыми-зерттеу институты және облыстық онкологиялық орталығының бастамасымен өтті.

Семинарға өңірдегі алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының гинекологтары, онкологтары, профилактика бөлімдерінің жетекшілері, акушерлер мен скринингке жауапты мейіргерлер қатысып, саладағы өзекті мәселелерді ортаға салды.

Іс-шара барысында қатысушыларға орталық директоры Жандос Сейтахметов құттықтау сөз арнады.

Негізгі бөлігінде халықаралық сарапшы, Молдова Республикасындағы жатыр мойны обыры скринингін үйлестіру орталығының жетекшісі, профильдік қауымдастықтың вице-президенті Диана Валуца сөз алып, жатыр мойны патологиясын ерте анықтау мен тиімді емдеудегі заманауи тәсілдерге тоқталды. Ол өз баяндамасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сүйене отырып, сапалы скрининг жүргізудегі акушер-гинеколог дәрігерлердің рөлін ерекше атап өтті.

Семинар барысында еліміздің мамандары да өз тәжірибелерімен бөлісті. Медицина ғылымдарының кандидаты Алма Жылқайдарова еліміздегі жатыр мойны обыры скринингінің қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын саралады. Онлайн форматта қосылған эпидемиология саласының маманы Лена Касабекова адам папиллома вирусына қарсы вакцинацияның алдын алу шарасындағы маңызын түсіндірді.

Ал PhD доктор Фатима Қасымбекова алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейіндегі медицина қызметкерлерінің бұл дерттің алдын алудағы үлесіне назар аударды. Сонымен қатар, өңірдегі скринингтік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы туралы Кенжехан Бекқұлиев баяндама жасады.

Кездесу барысында скринингті жетілдіру, обыр алды өзгерістері бар пациенттерді бақылау тактикасы және адам папиллома вирусына қарсы вакцинацияны ұйымдастыру мәселелері кеңінен талқыланды.

Қатысушылар мұндай кәсіби алаңдар тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп қана қоймай, әртүрлі бағыттағы мамандардың өзара байланысын нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Семинар қорытындысында пікір алмасу өтіп, қатысушылар ұсыныс-пікірлерін білдірді. Ұйымдастырушылар жиынға қатысқан мамандарға белсенділігі мен жоғары кәсіби деңгейі үшін алғыс айтты.