Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасында жүрекке тоқтатпай жасалған күрделі операция сәтті өтті

Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасында жүрекке тоқтатпай жасалған күрделі операция сәтті өтті

Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасында жүрекке тоқтатпай жасалған күрделі операция сәтті өтті

Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасында аз инвазивті коронарлық шунттау тәсілі бойынша өткен шеберлік сабағы аясында аса жауапты операция жасалды. Іс-шараға Burc Medical клиникасының кардиохирургі, медицина ғылымдарының докторы Алмаз Қиябаев қатысып, науқастың өміріне араша болған жоғары технологиялы ем жүргізді.

Талас ауданының 53 жастағы тұрғыны ауруханаға ауыр халде жеткізілген. Ол төс тұсының ауыруына, ауырсынудың сол қолға және төменгі жаққа таралуына, тыныштықта да ентігуге, ауа жетіспеуіне, басының ауруына, әлсіздікке, сондай-ақ жүрек соғысының бірде жиілеп, бірде баяулауына шағымданған.

Медициналық тексеру барысында науқастың жағдайы өте күрделі екені анықталды. Жүректің негізгі артерияларының бірі толық бітеліп қалған, жүрек ырғағының ұстама түріндегі бұзылысы байқалған, сонымен қатар бұрын инфаркт алғанының белгілері белгілі болған.

Дәрігерлер науқасқа жүректі тоқтатпай, аз жарақат түсіретін әдіспен ота жасады. Хирургиялық араласу кезінде қан айналымын қалпына келтіру үшін шунттау жүргізіліп, қатар жүрек ырғағындағы ақау радиожиілікті абляция әдісі арқылы түзетілді.

Операция сәтті өтті. Қазіргі таңда науқастың жағдайы айтарлықтай жақсарған, шағымдары жоқ. Ол дәрігерлердің бақылауында.

Аурухананың хирургия және инновациялар жөніндегі бас дәрігердің орынбасары Асқар Садықовтың айтуынша, аз инвазивті шунттау — жүректің ишемиялық ауруын емдеудің заманауи әрі тиімді жолы. Бұл әдіс қабырға арасындағы шағын тілік арқылы, жасанды қан айналым аппаратын қолданбай жүзеге асырылады. Соның арқасында асқыну қаупі төмендеп, қан жоғалту азаяды және науқастың тезірек сауығуына мүмкіндік туады. Әдетте қалпына келу уақыты 1–2 апта шамасында.

Осындай шеберлік сабақтары дәрігерлердің тәжірибесін арттырып, озық технологияларды меңгеруге жол ашады. Бұл өз кезегінде Жамбыл облысы тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартуға ықпал етеді.