Таразда Еуропалық иммундау апталығы аясында қалалық педиатриялық сағат өтті

Таразда Еуропалық иммундау апталығы аясында қалалық педиатриялық сағат өтті
Таразда Еуропалық иммундау апталығы аясында қалалық педиатриялық сағат өтті
Бүгін «Еуропалық иммундау апталығы: балаларды вакцинация арқылы қорғау» тақырыбында қалалық педиатриялық сағат өтті.
Іс-шара «JANUIA medical center» емханасының базасында ұйымдастырылып, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының педиатрларын, жалпы практика дәрігерлерін және иммунопрофилактика мәселелеріне жауапты мамандарын біріктірді.
Жиынды Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Айжан Терлікбаева ашып, құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде вакцинация жұқпалы аурулардың алдын алудың және балалар денсаулығын сақтаудың ең тиімді әрі қолжетімді тәсілдерінің бірі болып қала беретінін атап өтті. Педиатриялық сағат «JANUIA medical center» емханасының бас дәрігері Бота Узденбаеваның төрағалығымен өтті.
Іс-шара барысында иммундау саласындағы негізгі мәселелер қаралды. Облыстың штаттан тыс бас педиатры Әсел Шорманова вакцинацияның арқасында балалар арасындағы аурушаңдық пен өлім-жітім деңгейінің едәуір төмендегені туралы деректерді ұсынды. Ал иммунопрофилактика жөніндегі өңірлік үйлестіруші Виолетта Евграшина ұлттық екпе күнтізбесін дамытудың заманауи сын-қатерлері мен келешегіне тоқталып, ревакцинацияны уақытылы жүргізудің маңызын атап өтті.
Қатысушылардың ерекше назарын Шолпан Пралиеваның қызылшадан кейін дамуы мүмкін сирек, бірақ өте ауыр асқыну – жеделдеу склероздаушы панэнцефалитке арналған баяндамасы аударды. Өз кезегінде Нағипа Алтынбекова қыз балаларға адам папилломасы вирусына қарсы вакцинация жүргізудің жатыр мойны обырының алдын алудағы тиімділігін жан-жақты түсіндірді.
Педиатриялық сағат соңында қатысушылар ұсынылған тақырыптарды талқылап, кәсіби тәжірибе алмасты және өзекті сұрақтарына жауап алды. Аталған іс-шара медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға және балалар денсаулығын қорғауда вакцинацияның маңызын күшейтуге бағытталған маңызды алаңға айналды.