Заманауи аппараттар – дәл диагноздың негізі
Тараз қалалық №7 емханасында медициналық қызмет сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соның айқын көрінісі – диагностикалық кабинеттердің заманауи медициналық аппараттармен жабдықталуы.
Бүгінде емханада рентгенологиялық тексерулер жүргізуге арналған жаңа буындағы құрылғылар жұмыс істейді. Бұл аппараттар адам ағзасындағы түрлі өзгерістерді жоғары дәлдікпен анықтауға мүмкіндік береді. Әсіресе сүйек жүйесі, тыныс алу мүшелері мен ішкі ағзалардағы патологияларды ерте кезеңде анықтауда олардың маңызы зор.
Емхананың диагностикалық мүмкіндіктерін толықтырып отырған маңызды құрылғылардың бірі – есту қабілетін тексеруге арналған аудиометриялық аппарат. Заманауи «Аудио-СМАРТ» құрылғысы арқылы мамандар пациенттің есту деңгейін жан-жақты бағалап, дыбысты қабылдау ерекшеліктерін нақты анықтай алады.
Арнайы құлаққаптар мен сенсорлар арқылы жүргізілетін тексеру барысында есту қабілетіндегі ең ұсақ өзгерістердің өзі назардан тыс қалмайды. Бұл әсіресе балалар мен егде жастағы адамдар үшін маңызды. Себебі есту қабілетінің төмендеуі көп жағдайда бірден байқалмайды. Ал ерте анықталған мәселе – тиімді емнің кепілі.
Сонымен қатар, емханада әйелдер денсаулығына ерекше көңіл бөлінген. Маммографиялық тексеру аппараты сүт безі ауруларын бастапқы сатысында анықтауға жол ашып отыр. Мамандардың айтуынша, дәл осы кезеңде анықталған дерт толық емделуге әлдеқайда тиімді келеді.
Заманауи диагностикалық техниканың басты артықшылығы – тексерудің жылдамдығы мен нәтижесінің нақтылығы. Бірнеше минутқа созылатын процедура дәрігерге нақты қорытынды жасап, тиісті ем шараларын дер кезінде бастауға мүмкіндік береді.
Тараз қалалық №7 емханасында қолданысқа енгізілген заманауи аппараттар – халық денсаулығын нығайту жолындағы маңызды қадам. Бұл тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алуға мүмкіндік беріп отыр.
Қарапайым ғана тексеріс – үлкен қауіптің алдын алуы мүмкін. Сондықтан дәрігерлер денсаулықты кейінге қалдырмай, уақытылы бақылауда ұстауға шақырады.
Денсаулық – әр адамның ең қымбат байлығы. Оны сақтау – өз қолымызда.