Жамбылдық дәрігерлер ми тамырларына жасалатын заманауи операция әдістерін меңгеруде
Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасында ми қан тамырларының ауруларын емдеуге арналған шеберлік сабағы өтті. Оған Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылыми онкология орталығының мамандары –профессор, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас тамыр хирургі Ирлан Сагандыков пен тамыр хирургі Ербол Джусубалиев қатысты. Олар жергілікті дәрігерлермен бірге күрделі оталарды орындап, тәжірибе алмасты.
Шеберлік сыныбының практикалық бөлімі нақты клиникалық жағдайларды қамтыды. Бірінші науқас 64 жастағы ер адам болды. Ол бас ауруы, бас айналу, жүріс-тұрысы нашарлау және тепе-теңдіктің бұзылуы сияқты шағымдармен түскен. Тексеру нәтижесінде сол жақ ұйқы артериясының толық бітелуі анықталды. Дәрігерлер күрделі операция жасап, қосымша қан айналым жолын қалыптастыру арқылы миға қан келуін қалпына келтірді.
Екінші науқас 62 жастағы ер адам, ол да бас ауруы, құлақтағы шу және бас айналу сияқты шағымдармен келген. Тексеру барысында ішкі ұйқы артериясының патологиялық иілуі анықталды. Мамандар қалпына келтіру отасын жасап, зақымданған тамыр бөлігін алып тастап, артерияны түзетіп, қалыпты қан ағымын қалпына келтірді.
Екі хирургиялық араласу да сәтті өтті. Операциядан кейінгі кезеңде науқастар өздерін жақсы сезінетінін және бұрынғы шағымдардың жойылғанын айтып, жағдайларының тұрақталғанын атап өтті.
Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының хирургия және инновациялар жөніндегі бас дәрігердің орынбасары Асқар Садықовтың айтуынша, мойын мен бастың ірі қан тамырларында болатын аурулар инсульттің негізгі себептерінің бірі болып саналады. Бұл аурулар көбіне қан тамырларының майланып тарылуынан, бітелуінен немесе тамыр ішінде қауіпті түйіндердің пайда болуынан туындайды.
Оның сөзінше, бұл бір ғана ауру емес, бірнеше дертті біріктіретін топ. Олардың басты қаупі – мидың қанмен дұрыс қамтамасыз етілмеуі.
Мұндай шеберлік сабақтарының өтуі дәрігерлер үшін тәжірибе алмасу ғана емес, сонымен бірге өңірдегі медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Заманауи тамыр хирургиясының әдістерін меңгеру дәрігерлерге науқастарға тиімдірек көмек көрсетуге және инсульттің алдын алуға жол ашады.
Бұл бастамалар заманауи медициналық технологиялардың өңірлерде де қолжетімді бола бастағанын көрсетеді. Соның нәтижесінде науқастардың денсаулығын сақтап, өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік артып отыр.