Онкоурологиядағы өзекті мәселелер талқыланды
Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығында «Онкоурологтар мектебі» атты білім беру іс-шарасы өтті.
Іс-шара аясында 45 пен 70 жас аралығындағы ер азаматтарға арналған «Ашық есік күні» ұйымдастырылып, консультативтік-диагностикалық қабылдау жүргізілді. Қатысушылар тексеруден өтіп, қуықасты безі ауруларын ерте анықтау бойынша білікті мамандардан кеңес алу мүмкіндігіне ие болды. Қабылдауды Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының онкоурология орталығының жетекшісі, «Қазақстан онкоурологтар қауымдастығының» төрағасы Хусан Умурзаков жүргізді.
Бұдан кейін стационарлық және амбулаториялық алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары, сондай-ақ өңірдегі урология және онкоурология қызметтері арасындағы сабақтастық мәселелері талқыланған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиынға онкологтар, онкоурологтар, химиотерапевтер, урологтар, алғашқы медициналық-санитариялық көмек жүйесіндегі уролог-андрологтар, сондай-ақ Тараз қаласы мен Жамбыл облысындағы стационарлар мен жекеменшік клиникалардың мамандары қатысты.
Бағдарлама аясында онкоурология саласының жетекші мамандары баяндама жасап, Жамбыл облысындағы онкологиялық аурулардың эпидемиологиялық ахуалы, қуықасты безі обырын емдеудің заманауи тәсілдері, сондай-ақ 2025 жыл қорытындысы бойынша Қазақстандағы онкоурологиялық қызметтің даму үрдістері жан-жақты қарастырылды.
Сонымен қатар жаңа буындағы антиандрогендерді қолдану секілді заманауи терапия әдістері, урологиялық тәжірибеде дәрілік препараттардың рөлі талқыланды. Клиникалық жағдайларды талдау мен тәжірибе алмасуға ерекше назар аударылды.
Іс-шара соңында сұрақ-жауап сессиясы өтіп, қатысушылар өңірдегі онкоурологиялық қызметтің өзекті мәселелері мен даму перспективаларын ортаға салды.
Мұндай білім беру алаңдары мамандардың біліктілігін арттыруға, медициналық көмектің әр деңгейі арасындағы сабақтастықты нығайтуға және өңірдің онкологиялық қызметін дамытуға серпін береді.