Таразда «URO-ONCO-KZ мектебі» өтуде
Тараз қаласы мен Жамбыл облысы тұрғындарына көрсетілетін мамандандырылған онкоурологиялық көмектің сапасын арттыру мақсатында, сондай-ақ ҚР 2023–2027 жылдарға арналған онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында Жамбыл облыстық онкология және хирургия көпбейінді орталығының базасында «URO-ONCO-KZ мектебі» шеңберінде бірқатар маңызды іс-шаралар ұйымдастырылды.
Аталған іс-шараның маңыздылығы – оған Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының онкоурология орталығының жетекшісі, Қазақстан онкоурологтар қауымдастығының төрағасы Хусан Талипбайұлы Умурзақовтың қатысуымен ерекшеленеді. Ол білім беру және тәжірибелік бөлімдердің негізгі үйлестірушісі ретінде мамандармен тәжірибе бөлісті.
Іс-шара аясында операциялық бөлім басталар алдында Хусан Умурзақов Жамбыл облыстық онкологиялық орталығының директоры Жандос Сейдахметовпен арнайы жұмыс кездесуін өткізді. Онда жоспарланған іс-шаралар жан-жақты талқыланып, онкоурология саласын дамытуға қатысты өзекті мәселелер қарастырылды. Атап айтқанда, заманауи диагностика мен емдеу әдістерін енгізу, мамандандырылған көмектің қолжетімділігін арттыру және өңіраралық кәсіби ынтымақтастықты нығайту бағыттары кеңінен сөз болды.
Бұдан кейін «URO-ONCO-KZ мектебі» шеңберінде көрсетілімдік операциялармен ұштасқан шеберлік сабағы өтті. Бұл мамандар арасында озық тәжірибе алмасуға және кәсіби біліктілікті арттыруға бағытталды. Оған Тараз қаласы мен Жамбыл облысындағы алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының, стационарлардың және жекеменшік клиникалардың онкоурологтары, урологтары мен уролог-андрологтары қатысты.
Мұндай форматтағы іс-шаралар үздік клиникалық тәжірибелерді енгізуге, медицина қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыруға және нәтижесінде өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.