Алматыда «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі – 2026» өтуде
С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті базасында «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі – 2026» атты ауқымды іс-шара өтуде. Бұл дәстүрлі жиын жас түлектерге кәсіби бағытын айқындап, жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатуға, ал медицина ұйымдарына білікті жас мамандарды іріктеуге мүмкіндік беретін маңызды алаң ретінде ұйымдастырылды.
Жәрмеңкеге өңірдің денсаулық сақтау мекемелерінің басшылары да қатысты. Аймақ делегациясын Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшысы Сержан Назарбек бастап барды.
Іс-шараның ресми ашылуында проректор Убайдилла Датхаев сөз сөйлеп, болашақ жас дәрігерлердің ел денсаулығын қорғаудағы жауапкершілігін айтты. Бүгінгі түлек – ертеңгі медициналық жүйенің негізін қалыптастырушы буын екенін атап өтіп, білім мен тәжірибенің ұштасуы сапалы кадр даярлаудың басты талабы екенін жеткізді.
Жәрмеңке барысында факультет декандары «Медициналық және фармацевтикалық кадрларды даярлау мәселелері» тақырыбында баяндама жасап, білім беру үдерісін жетілдіру, клиникалық машықты күшейту және жас мамандардың кәсіби даярлығын арттыру бағыттарын талқылады.
Іс-шараның ең мазмұнды сәттерінің бірі – түлектермен өткен ашық диалог алаңы болды. «Мен және мамандығым. Алғашқы қадамдарым» бөлімінде жас мамандар өз таңдауы, алғашқы тәжірибесі мен болашаққа деген көзқарасын ортаға салып, кәсіби жолға деген сенімі мен ізденісін көрсетті. Бұл кездесулер жас буынның тек білімді ғана емес, жауапкершілігі жоғары маман болуға ұмтылысын айқындайды.