Жамбыл жоғары медициналық колледжі 90 жылдығын халықаралық деңгейде атап өтуде

Жамбыл жоғары медициналық колледжі 90 жылдығын халықаралық деңгейде атап өтуде

Жамбыл жоғары медициналық колледжі 90 жылдығын халықаралық деңгейде атап өтуде

Жамбыл өңіріндегі медицина саласының қарашаңырағы саналатын Жамбыл жоғары медициналық колледжінде тағылымы терең, мазмұны салмақты халықаралық іс-шара өтті. Білім ордасының 90 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Жасанды интеллект және медициналық білім беру саласындағы заманауи әдіс-тәсілдер» атты басқосу медицина мен білім беру кеңістігіндегі өзекті мәселелерді талқылауға арналды.

Салтанатты ашылу рәсімінде Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының директоры Сейітхан Жошыбаев сөз алып, ғасырлық межеге қадам басқан білім ордасының ұжымын мерейлі белеспен құттықтады. Ол өз сөзінде колледждің өңірлік қана емес, республикалық деңгейде жоғары білікті медицина мамандарын даярлаудағы орны бөлек екенін атап өтті.

Іс-шара барысында Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лаура Отарбайқызы да сөз сөйлеп, колледждің 90 жылдық мерейтойымен құттықтады. Ол оқу орнының аймақтың денсаулық сақтау жүйесіне қосқан үлесін жоғары бағалап, болашақта да сапалы кадр даярлау ісінде табысты еңбек ете беретініне сенім білдірді.

Халықаралық деңгейде өткен іс-шараға Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Әзірбайжан елдерінен келген серіктестер, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар мен әлеуметтік әріптестердің өкілдері, Қазақстандағы жоғары медициналық колледждердің басшылары қатысты. Бұл кең ауқымды басқосу тәжірибе алмасуға, заманауи білім беру трендтерін талқылауға және өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.

Келелі кездесуде медициналық білім берудегі цифрлық трансформация, жасанды интеллектіні оқыту үдерісіне енгізу, симуляциялық технологияларды қолдану сияқты өзекті тақырыптар жан-жақты қарастырылды.

Сарапшылар заманауи технологиялардың болашақ медицина мамандарын даярлаудағы тиімділігіне тоқталып, білім беру сапасын арттыру жолдарын ортаға салды.

Тоқсан жылдық тарихы бар Жамбыл жоғары медициналық колледжі үшін бұл мерейтой – өткеннің жетістігін қорытындылап қана қоймай, келешекке жаңа серпін беретін маңызды кезең. Халықаралық деңгейдегі мұндай мазмұнды іс-шаралар оқу орнының беделін арттырып, отандық медициналық білім беру жүйесінің дамуына тың серпін беретіні сөзсіз.