Таразда ағза донорлығы мен трансплантациялық қызметті дамыту мәселелері талқыланды

Таразда ағза донорлығы мен трансплантациялық қызметті дамыту мәселелері талқыланды

Таразда ағза донорлығы мен трансплантациялық қызметті дамыту мәселелері талқыланды

Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Лаура Отарбайдың төрағалығымен өңірдегі медициналық ұйымдар басшыларының қатысуымен ағза донорлығы мен трансплантациялық және нефрологиялық қызметті дамыту мәселелеріне арналған жұмыс кеңесі өтті.

Жиында трансплантологияны дамыту денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты екені атап өтілді. Ауыр дерттерді емдеуде трансплантация өмірді сақтайтын маңызды әдіс болғанымен, елімізде донорлық ағзалар тапшылығы әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Осыған байланысты қоғамда мәйіттік донорлық жүйесіне деген сенімді қалыптастырудың маңызы зор.

Кеңесте Қазақстан Республикасы мен Жамбыл облысындағы донорлық саланың қазіргі ахуалы және оны дамыту шаралары туралы негізгі баяндаманы трансплантация бойынша өңірлік үйлестіруші, денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас нефрологы Аягөз Баймұратова жасады.

Оның мәліметінше, 2025 жылғы 10 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде ағза трансплантациясын күтіп тұрған 4117 науқас тіркелген. Оның 97,7 пайызы — ересектер (4021 адам), ал 2,3 пайызы — балалар (96 бала). 2020–2024 жылдар аралығында барлығы 1005 трансплантация жасалған. Оның 92,1 пайызы тірі донорлардан жүзеге асырылса, небәрі 7,9 пайызы ғана мәйіттік донорлар есебінен орындалған. Алдағы кезеңге қойылған негізгі міндеттердің бірі – мәйіттік донорлық үлесін 85 пайызға дейін арттырып, тірі донорлар үлесін 15 пайызға дейін төмендету.

Жамбыл облысында қазіргі таңда трансплантация кезегінде 137 науқас тұр. Оның ішінде 122 адамға (соның ішінде 5 бала) бүйрек ауыстыру қажет. Бұл көрсеткіш өңірдегі бағдарламалық гемодиализ алатын 439 науқастың санына тікелей байланысты. Облыста 11 диализ орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар, бауыр трансплантациясына 8 адам, жүрек трансплантациясына 7 адам мұқтаж.

2024 жылы өңірде 25 бүйрек және 5 бауыр трансплантациясы жасалса, олардың тек біреуі ғана мәйіттік донор есебінен жүзеге асқан. Ал 2025 жылдың алғашқы 8 айында 7 бүйрек трансплантациясы жасалып, барлығы да тірі донорлардан алынған.

2014–2017 жылдары 4 мәйіттік донор тіркелсе, соңғы жылдары небәрі 2 жағдай (2023 және 2025 жылдары) ғана тіркелген. Бұл донорлық әлеуеттің жеткілікті деңгейде іске аспай отырғанын көрсетеді.

Жалпы алғанда, Қазақстанда және Жамбыл облысында ағза трансплантациясы жүйесінде сұраныс жоғары, әсіресе бүйрек ауыстыруға мұқтаждық басым. Сонымен қатар, тірі донорлыққа тәуелділік сақталып, мәйіттік донорлықтың даму деңгейі жеткіліксіз күйінде қалып отыр. Қажетті инфрақұрылым болғанымен, донорлық әлеуетті пайдалану деңгейі төмен, бұл жүйелі шараларды талап етеді.

Сарапшылар бұл бағытта қоғамның рөлі ерекше екенін атап өтті. Донорлық жүйесіне деген сенімді қалыптастыру, оның этикалық негіздерін түсіндіру және қалыптасқан қате түсініктерді жою маңызды. Бұл ретте дәрігерлер, дін өкілдері, психологтар мен бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөлі айрықша.

Жиын қорытындысы бойынша алдағы жұмыстың басым бағыты ретінде халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту айқындалды. Айта кету керек, донор болуға қабылданған бір ғана шешім бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.