
Таразда Дүниежүзілік денсаулық күніне орай «Аула ойындары – 2026» фестивалінің финалы өтті
Дүниежүзілік денсаулық күніне орай Т. Рысқұлов атындағы саябақта «Аула ойындары – 2026» облыстық спорт фестивалінің шешуші кезеңі өтті.
Іс-шараны облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, денсаулық сақтау басқармасы, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі бірлесіп ұйымдастырды.
Ауқымды спорттық шара «Есірткіге жол жоқ!» ұранымен Жамбыл өңірінің әр түкпірінен келген жастардың басын қосып, салауатты өмір салтын дәріптеудің және белсенді демалысты насихаттаудың жарқын көрінісіне айналды.
Фестивальдің басты мақсаты – жас ұрпақ арасында бұқаралық спортты дамыту, денсаулықты нығайту және зиянды әдеттерге, әсіресе есірткіге қарсы берік көзқарас қалыптастыру.
Жарыс үш жас санаты бойынша ұйымдастырылды: 14 жасқа дейінгі балалар, 14 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер және 18 жастан асқан қатысушылар. Күні бойы өңірдің үздік командалары дәстүрлі аула ойындары – асық ату, ләңгі тебу, секірмек, қалашық, орта доп (вышибалы) сайыстарында бақ сынап, ептілік пен төзімділікті, сондай-ақ командалық бірлікті көрсетті.
Көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырған тұстардың бірі – белгілі спортшылардың қатысуымен өткен шеберлік сабақтары болды. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, жастарды жаңа жетістіктерге жігерлендірді.
«Аула ойындары – 2026» фестивалі спорттың, сергектіктің және бірліктің шынайы мерекесіне айналып, қатысушылар мен көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлады. Мұндай игі шаралар ұлт денсаулығын нығайтып қана қоймай, жастардың өмірлік ұстанымдарын дұрыс қалыптастырып, саналы әрі белсенді өмір салтына жетелейді.