
АПВ-ға қарсы вакцинация: жатыр мойны обырынан сенімді қорғаныс
Қазақстан Республикасының Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес, 2024 жылдан бастап адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцина ата-аналардың немесе заңды өкілдердің ақпараттандырылған келісімінен кейін 11 жастағы қыз балаларға егіледі.
Екпенің толық курсы 6 ай аралықпен жүргізілетін екі дозадан тұрады.
Қазақстанның барлық өңірлерінде вакцинация 2024 жылдың қыркүйек–қазан айларынан бастап қолға алынды.
Жамбыл облысында 2024 жылдың 1 қазанынан 2026 жылдың наурызына дейін 11–13 жас аралығындағы 12 мыңнан астам қыз бала вакцинаның бірінші дозасын алды. 2025 жылдың сәуір айынан бастап екінші дозаны енгізу жүргізілуде.
Екпе медициналық ұйымдардағы 327 егу кабинетінде және мектептердегі 380 медициналық пунктте жүзеге асырылуда. Бұл жұмысқа 3 мыңнан астам арнайы оқытылған медицина қызметкері тартылған.
АПВ-ға қарсы вакцина онкологиялық аурулардың алдын алудағы негізгі шаралардың бірі болып табылады. Ол жатыр мойны обырын тудыратын вирус түрлерінен, сондай-ақ басқа да қатерлі ісіктерден қорғайды.
Әлемдік тәжірибеде бұл вакцина өзінің қауіпсіздігі мен тиімділігін дәлелдеген және 20 жылдан астам уақыт бойы әлемнің 135 елінде қолданылып келеді.
Австралия, АҚШ және Канада елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, вакцинацияның нәтижесінде екпе алған әйелдер арасында АПВ таралуы 90%-ға дейін, ал екпе алмағандар арасында ұжымдық иммунитеттің қалыптасуы есебінен 40%-ға дейін төмендеген.
Вакцинадан кейін қалыптасатын иммунитет кемінде 10–15 жыл сақталады және өмір бойы сақталуы да мүмкін.
Осылайша, вакцинация адам папиллома вирусынан және онымен байланысты онкологиялық аурулардан қорғанудың ең тиімді жолы болып қала береді.