Жамбыл облысында облыстық семинар өтті

Жамбыл облысында облыстық семинар өтті

Жамбыл облысында облыстық семинар өтті

Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасының базасында Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологы, Жамбыл облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының консультативтік-әдістемелік орталығының жетекшісі Гүлфайра Мырзабекова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Мұрат Жұмабаев, иммунопрофилактика бойынша облыстық үйлестіруші, «JANUIA» қалалық емханасының педиатриялық қызметінің меңгерушісі Виолета Евграшинаның қатысуымен иммунопрофилактика мәселелеріне арналған облыстық семинар ұйымдастырылды.

Онда жатыр мойны обырының алдын алу, 11 жастағы қыз балаларға адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы екпе жүргізуді ұйымдастыру, иммунопрофилактиканың маңызы мен тиімділігі, вакцинопрофилактиканың өзекті мәселелері, «салқын тізбек» талаптарын сақтау, сондай-ақ вакциналардың қозғалысы мен екпелерді тіркеу бойынша цифрлық форматтағы есепке алу құжаттарын жүргізу мәселелері қарастырылды.

Іс-шараға Тараз қаласы мен облыс аудандарындағы медициналық ұйымдардың бас дәрігерлерінің орынбасарлары, алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының басшылары, иммунологтар, госпитальдық эпидемиологтар, мектеп медицинасының қызметкерлері қатысты. Жалпы семинарға 138 медицина қызметкері қатысты.

Семинар аясында қатысушыларға тақырып бойынша таныстырылымдар ұсынылып, қазақ және орыс тілдерінде 300-ден астам брошюра мен буклет таратылды. Сонымен қатар, екпелердің, оның ішінде АПВ-ға қарсы вакцинацияның маңыздылығы туралы бейнематериалдар жазылған флеш-тасымалдағыштар берілді.

Семинар қорытындысында иммунопрофилактика мәселелері бойынша 8 дәрігерге претест және посттест форматында аттестация жүргізілді.